Теңге бағамы жыл басынан бері 1,2 пайызға нығайды - ҰБ төрағасы

Теңге бағамы жыл басынан бері 1,2 пайызға нығайды - ҰБ төрағасы
Теңге бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Теңгенің айырбастау бағамы жыл басынан бері 1,2 пайызға нығайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жылы ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты. 13 мамырдағы жағдай бойынша теңгенің айырбастау бағамы жыл басынан бері 1,2 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 379,43 теңгені құрады», - деді ҰБ төрағасы.

Оның айтуынша, теңге бағамы іргелі факторлардың әсерімен қалыптасуда. Бұл ретте, мұнайдың әлемдік бағасы жыл басынан бері бір баррель үшін 70,6 АҚШ долларына дейін,  31,3 пайызға өсті және Ресей рублі жыл басынан бері бір АҚШ доллары үшін 65,23 рубльге дейін - 6,1 пайызға нығайды.

«Алтын-валюта резервтері 2019 жылғы 1 мамырда 27,1 млрд АҚШ долларын құрады және сәуірде 0,4 пайызға өсті. Жыл басынан бері резервтердің төмендеуі екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы қалдықтардың қысқаруына және Үкіметтің сыртқы борышын өтеумен байланысты. Дегенмен, қажетті минимум 3 ай болғанда олардың көлемі тауарлар мен қызметтер импортының шамамен 8 айын құрайды», - деді ҰБ төрағасы.

Е.Досаевтың дерегінше, Ұлттық қордың активтері 2,3 пайызға, 59,3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды. Жалпы, халықаралық резервтер жыл басынан 0,4 пайызға өсіп, 86,4 млрд АҚШ долларын құрады.


Новости партнеров