Заңсыз қаржыны шетел асырып жіберетіндердің жолын кесу мүмкін бе

21.06.2022 20:21

Қаржылық тергеулер мен қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы күрес жөнінде Халықаралық форум өтті

Almaty.tv

Заңсыз жолмен табылған қаржыларды шетел асырып жіберетіндердің жолын кесу өте қиын. Біреуден жымқырған активтерін жасырып қалу үшін қылмыскерлер бар мүмкіндіктерді қолданады. Мұндай пікірді бүгін қаржылық тергеулер мен қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы күрес жөнінде өткен Халықаралық форумға қатысушылар айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Парақорлар ақшаны елден жырақта және әр елде ұстауға, дүние-мүлікті басқа біреулердің немесе өмірде жоқ тұлғалардың атында жасыруға тырысады екен. Жалпы үш күн қатарынан болатын форумда қаржылық тергеу институтының ерекшеліктері, ашық және жабық дереккөздер арқылы шетелдік активтерді іздеу сияқты мәселелер талқыланбақ.

«Эгмонт» деген қаржылық тергеумен айналысатын институт бар. Қазақстан да оған мүшелік етеді. Осы институтқа халықаралық сұраным беру 30 күн кетеді. Тиісті ақпараттарды алуда осындай кедергілер бар», – деді БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық кеңесшісі Александр Водяной.

Жиынға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Өзбекстан және басқа да елдердің уәкілетті органдары мен прокуратура өкілдері, ғалымдары мен сарапшылары келген. Олар қазір қылмыстық схемалар ашу жиі қиындық тудыратынын айта келе, бұл мәселелерді шешуде халықаралық форумдар ауадай қажет деп отыр.

«Форум тек қана ұлттық құзыреттілікті арттыруға ғана емес, бәрімізге ортақ проблемаларды анықтауға көмектеседі. Қазір мұндай қылмыстар трансұлттық сипат алып барады. Сондықтан бірігіп жол табуға мәжбүр болып отырмыз», – деді Қаржылық тергеу департаменті бөлім бастығының орынбасары Александр Гинько.