Төрт айда жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға өсті

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылғы 4 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,4 пайыз болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Экономиканың барлық негізгі салалары өсіп келеді. Экономиканың өсуіне шикізаттың жоғары бағасы және карантин шектеулерін алып тастау ықпал етті. Әлемдегі геосаяси жағдай мен Каспий құбыры консорциумындағы апат қазіргі кезде ел экономикасына айтарлықтай теріс әсер еткен жоқ», - деді Ғ. Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, тұтынушылық сұраныс та оң қарқынды көрсетіп отыр. Бөлшек тауар айналымының, яғни азық-түлік пен азық-түлік өніміне жатпайтын тауарайналымындағы өсім тоқтаған жоқ. 

«Болжамдарымызға сәйкес, 2022 жылы экономиканың өсуі 2,8-3,8 пайыз болады. Бұл өз кезегінде жыл соңына дейін экономиканың барлық негізгі саласында оң динамиканың сақталуына қатысты болып отыр. Алайда геосаяси дағдарыс, сыртқы сұраныстың нашарлауы, сондай-ақ тауар жеткізу тізбектерін қайта құру жұмыстары экономиканың өсу қарқынын тежейді», - деді ҰБ басшысы. 

Оның пайымынша, 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5-4,5 пайызға дейін қарқын алады. Бұған сыртқы сұраныстың өсуімен қатар, экспорттық және импорттық жеткізілім тізбектерін қалпына келтіру ықпал етеді. Мұнымен қоса, энергия ресурстарын өндіру көлемін ұлғайту және ішкі сұраныстың артуы өсімге оң әсерін тигізеді. 

«2024 жылы нарықтағы тәуекелдердің төмендеуі мен ірі мұнай-газ жобаларын іске асыру аясында өндіру көлемінің айтарлықтай ұлғаюын ескере отырып, экономика өсімі жалғасады», - деді Ғалымжан Пірматов. 

Бүгінгі баспасөз мәслихатында Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтауға қатысты пікір білдірді. Жылдық мәнде инфляция мамырда 14 пайызға жетті. Сонымен қатар Ғ. Пірматов осы жылдың қорытындысы бойынша инфляцияны 13-15 пайыз деңгейінде болуы мүмкін екенін айтты.


Новости партнеров