Мұндай жеңілдік бизнес өкілдеріне қаншалықты қолдау болды?
Алматылықтардың сатып алу қабілеті өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға дейін төмендеп кеткен. Қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының мәліметінше мұндай көрсеткішке пандемия түрткі болды. Сәйкесінше кәсіпкерлерден түсетін салық көлемі де азайған. Ал үкімет кәсіп иелерін қолдау, бизнес жүргізуді жеңілдету, бәсекелестікті дамыту мақсатында биыл үш жылға кәсіпкерлерді салықтан босатуды шешкен еді. Мұндай жеңілдік бизнес өкілдеріне қаншалықты қолдау болды? Ал салықтан кімдер босталымайды? Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін толықтырсын.
Кәсіпкер Нұргүл Нұрсейітова сұлулық салонын ашып кәсібін дөңгелетіп отырғанына бір жылдан асқан. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ол бұрын тапқан табысына қарай салық төлейтін. Алайда биыл бизнес өкілінен ондай міндеттеме алыныпты.
«Бірінші жартыжылдыққа салық төлеуге консультация алуға келген кезде, маған 3 жылға салықтан босатылады деп айтты. Мен өте қатты қуандым, себебі бұл бізге өте үлкен көмек. Сол төлейтін салықтың ақшасын мен өзімнің бизнесімнің айналымына салдым. Осындай қиын карантин кезінде көмек көрсетіліп жатқанына алғысым шексіз», – деді кәсіпкер Нұргүл Нұрсейітова.
Жалпы елімізде салық салудың 5 режимі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен осы режимдер ішіндегі патент негізіндегі, оңайлатылған декларация негізіндегі режимдер мен тіркелген шегерім тәртібін пайдаланатын микро және шағын бизнес өкілдері 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін салықтан босатылған.
«Бұл қандай салықтар? Корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық және бірыңғай жер салығы болып табылады. Сонымен қатар, бұл жерде айтып кететін жайт, бұл өзгерісті барлық қызмет түрі қолдана алмайды», – деді Мемлекеттік кірістер қалалық департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Айжан Бекеева.
Дәлірек айтсақ, банк, күзет, ойын-сауық бағыттарында және аудиторлық кәсіппен айналысатын бизнесмендер аталған салықтардан босатылмайды. Ал жеңілдікке ілігетін кәсіпкерлер салық төлемесе де, тауып отырған кірісін бұрынғыша көрсетіп отыруы тиіс дейді мамандар. Сондай-ақ, қолма-қол табыс табатын бизнесмендер міндетті түрде кассалық аппарат қолдануы тиіс. Осы ретте қалалық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілі үкімет тарапының бизнеске қолдау көрсетуі орынды әрі заңды дейді.
«Егер өткен жылмен салыстырсақ, жалпы кәсіпкерлердің түсімі 30-40 пайызға дейін төмендеп кетті. Яғни, тұрғындардың сатып алу қабілеті азайғанын байқап отырмыз. Ал 3 жылға салықтан босату жеңілдігі шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің ең болмаса үш жыл ішінде аяққа тұрып кетуіне үлкен мүмкіндік береді. Бір жағынан халықты жұмыспен қамтып отырған бұл саланың болашақта мүлдем жойылып кетпеуіне ықпал етеді», – деді қалалық «Атамекен» ҰКП бөлім басшысы Бахыт Зайырқан.
Бұдан бөлек микро және шағын кәсіп субъектілерін тексеруге үш жыл мараторий жарияланған. Салық төлемдеріне қатысты толғандырған сұрақтарға кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер бөлімінің әлеуметтік желілеріне немесе 1414 бірыңғай колл орталығына хабарласып жауап алуға болады.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы