Биыл Алматыда түрлі жобаларды іске асыруға 10 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлінбек. Басымдық әсіресе, шаһарды дамытудың жеті негізгі бағытының бірі – ғылым саласына берілмек. Бұл туралы мегаполис басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ерболат Досаевтың айтуынша, дәл осы салаға ден қоюдың өз себебі бар. Алматы – еліміздің ғылыми және білім беру орталығы. Мұнда Қазақстандағы жоғары оқу орындарының үштен бірі орналасқан және 130-дан аса ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі барлық ғылыми ұйымдардың да үштен бірі. Ал соңғы 3 жылда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың шығындары екі есеге өскен. Көрсеткіш 2022 жылы 47 миллиард теңге болса, былтыр 95 миллиард теңгеге жеткен.
2024 жылдың қыркүйегінде Ғылым және технологиялар кеңесі құрылып, ғалымдар мен бизнес өкілдері және мемлекет арасындағы диалог алаңына айналды.
Сонымен қатар мегаполис – еліміздің IT-секторының көшбасшысы. Өйткені, өткен жылы Қазақстандағы IT-нарықтың жалпы табыс көлемі шамамен 3 трлн теңге болса, оның 1,6 трлн теңгесі Алматыға тиесілі болған. Сондай-ақ саладағы қызметтердің 52 пайызын да мегаполис қамтамасыз еткен.
Айта кетейік, Алматыда Мемлекет басшысының бастамасымен ғылым мен инновацияны ілгерілету жұмыстары жүзеге асып жатыр.
Оқи отырыңыз: Қазақстанға келетін туристерді енді такси жүргізушілері алдай алмайды