Жаңа жоба банкаралық QR-төлемдер мен елдегі цифрлық қаржылық инфрақұрылымды құрудағы маңызды қадам ретінде қарастырылған
Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем әдістері жыл сайын артып келеді. Соңғы уақытта QR-код арқылы есеп айырысу үлкен сұранысқа ие. Осылайша, енді елімізде барлық банктер үшін бірыңғай QR жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Телефон арқылы төлем жасау қалыпты үрдіске айналды. Бұл халықтың есеп айырысу жүйесін айтарлықтай жеңілдетіп отырғаны анық. Бұрынғыдай ақша толған әмиян алып жүрудің немесе қайтарым ақша санаудың қажеті жоқ. Тіпті мектеп жасындағы жасөспірімдерге дейін банк қосымшасын қолданып жүр. Соңғы деректерге сәйкес, 2024 жылдың қаңтар–қараша айларында отандық және шетелдік эмитенттер шығарған төлем карталары арқылы қолма-қол ақшасыз төлемдердің жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жуықтаған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 пайызға жоғары. Сәйкесінше, банкоматтан ақша шешу операциясы азайған. Бір жылдағы көрсеткіш бар болғаны 11 пайыз. Бұл фактор қолма-қол ақшасыз төлемдердің елдегі карта айналымы бойынша үлесінің 86,1 пайыздан 86,6 пайызға өсуіне әсер еткен. Қолма-қол ақшасыз операциялар елдің басым бөлігіндегі төлем айналымының 75 пайыздан астамын қамтыған. Алайда кейбір аймақта қолма-қол төлем әлі де белсенді түрде қолданылады. Қағаз ақшасыз есеп айырысудың ең төменгі көрсеткіші Ұлытау мен Солтүстік Қазақстан облысында байқалған. Мұндағы ақша айланымдары 700 млн мен 1 млрд теңге арасында ғана. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Ал Алматы мен Алматы облысы қолма қол ақшасыз төлемнен алдыңғы орында. Мұндағы төлем деңгейі 90 пайыздан асып жығылады. Кейінгі орындарға Түркістан облысы, Астана мен Шымкент қаласы тұрақтаған. Халық көп шоғырланған өңірлер сәйкесінше көш басында тұр.
Халық карта арқылы жұмсайтын қаражатқа қарайтын болсақ, оның да жартысынан көбі Алматыға тиесілі. Мұндағы айналым рекордтық деңгейде. Яғни 75,2 млрд теңге. Одан соң 14 және 9 млрд теңге көрсеткішпен елорда мен Шымкент тұрақтаған. Төлем жүргізу әдістерінің ішінде интернет пен мобильді телефон арқылы жасалатын есеп айырысу өте танымал. Алайда аталған әдіс алдыңғы жылмен салыстырғанда азайған. Яғни 2023 жылы 83 пайыз болса, 2024 жылдың аяғында 80 пайызға түскен.
Ал QR-код арқылы төлем керісінше танымал болуда. Өткен жылдың қаңтар – қараша айларында QR төлемдерінің үлесі қолма-қол ақшасыз операциялардың тек 5,8 пайызы болса, биыл бұл көрсеткіш 9,8 пайызға жеткен. QR төлемдер саны бір жылда 2 еседен аса өсіп, 2,9 млрд операцияға жетіп отыр. Бұл бекер емес. Себебі биыл елімізде барлық банктерге арналған бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылады. Осыған дейін Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы алғашқы пилоттық жобасын ұсынған. Жаңа жоба банкаралық QR-төлемдер мен елдегі цифрлық қаржылық инфрақұрылымды құрудағы маңызды қадам ретінде қарастырылған.
"QR жүйесі енгізілген жағдайда клиенттер үшін де, банктер үшін де ыңғайлы болады деп есептеймін. Кішігірім банктерге мысалы, өз қызметін ілгерілетуге, басқа клиенттерді тартуға ыңғайлы болады деп ойлаймын. Жеке деректерді қорғауға қатысты бұл жерде қауіп бар. Жауапты қызметкерлер осы мәселеге үлкен ден қоюы керек, басты мәселе ретінде қарастыру қажет деп есептеймін", – деді экономист Бақытжан Саркеев.
Мамандардың пікірінше, бірыңғай QR жүйесі әсіресе, шағын банктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Алайда жеке деректерді қорғау мәселесін де ұмытпаған жөн. Алаяқтықтың алдын-алу шарасын жүйелі түрде жолға қойған абзал.