Бүгін қор биржасында көк қағаз құны 12 теңгеге көтеріліп, бір АҚШ доллары орташа есеппен 524 теңгеден саудаланып жаттыр
Доллардың бағасы тағыда қымбаттады. Бүгін қор биржасында көк қағаз құны 12 теңгеге көтеріліп, бір АҚШ доллары орташа есеппен 524 теңгеден саудаланып жаттыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров теңге бағамының әлсіреуіне әсер етіп отырған негізгі үш факторды атады. Ведомства басшысының айтуынша, доллардың қымбаттауына әлемдік мұнай бағасының арзандауы, Ресей рублінің әлсіреуі және АҚШ валютасының жаһандық экономикада нығаюы себеп болған.
"Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының құбылуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге теріс әсерін азайту – Үкіметтің басты міндеті. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру әрі барынша азайту үшін барлық қажетті шара қабылданады. Бұл үшін Үкіметте ресурстар мен құралдар жеткілікті", – деді ҚР Премьер министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Экономика министрі Нұрлан Байбазаров нарықта валюта бағамы жиі құбылып тұратынын айтып, жұртты сабырға шақырғандай болды. Дефолт жайында айтудың қажеті жоқ деп, кесіп айтты. Қазір Үкімет теңгені тұрақтандыру үшін бірнеше шараны қолға алған. Мәселен ішкі нарықты тауарлармен толықтыру, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауда мен тарифтерді реттеу арқылы инфляцияны тежеу көзделген.
"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін жаңа егіннің қоры пайдаланылады. Қысқы және көктемгі маусым аралықта азық-түліктің айтарлықтай қоры қалыптасты. Тұрақтандыру қорлары, сауда нысандары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қоймаларында 820 мың тоннадан астам негізгі азық-түліктің 29 түрі бар. Бұл қорлар сақтау мерзімін ескере отырып, жүйелі түрде толықтырылады және елдің бірнеше айлық қажеттілігін өтеуге қабілетті", – деді ҚР Премьер министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Оқи отырыңыз: 2 желтоқсанға арналған валюта бағамы