Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 72 мың тоннаға жуық қант өндірілген
Елімізде киім-кешек құны бір жылда 10 пайыз қымбаттады. Бұл туралы Ranking.kz сайты дәйек келтірді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл қаңтар-қазан аралығында елде киім өндірушілер 64 млрд теңгеге өнім шығарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл қазанның қорытындысы бойынша елде сырт киім бағасы соңғы 1 жылда 9,7 процентке өсті. Оның ішінде әйелдерге арналғаны 10,2 пайызға, ерлерге арналғаны 9,6 процентке, ал балалардікі 8,9 пайызға қымбаттаған. Аймақтар арасында сырт киім бағасы өскен өңірлер ішінде Түркістан облысы көш бастады. Бір жылда өсім 18,9 процентке жеткен. Екінші орында ШҚО және одан кейін Ұлытау облысы тұр. Елдегі тігін өнеркәсібінің дамуы кенже қалып отырғанын да айтпасқа болмас. Экономистердің пікірінше, оған шикізат алынатын ресурстық базаның жоқтығы себеп.
"Елде мақта өсіру, тері өңдеу саласын дамытуға үлкен мүмкіндік бар, ал жасанды және синтетикалық талшықтар өсіру жолға қойылмаған. Екіншіден, жоғары білікті кадр тапшылығы мәселесі тағы бар. Тоқыма өнеркәсібін дамытуға мамандар жетіспейді. Салаға салынатын инвестициялар да маңызды рөл атқарады. Басқа бағыттарға қарағанда, тоқыма өнеркәсібіне ұзақ мерзімге капитал құю қажет", – деді экономист Әкімжан Арупов.
Осы тұста елдегі қант құны соңғы 1 жылда 5 пайызға азайыпты. Баға төмендегенімен, өндіріс орындарындағы жағдай мәз емес. Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысында 72 мың тоннаға жуық қант өндірілген. Бұл – елдегі ең үлкен өндіріс көлемі. Екінші орында Жетісу облысы 62 мың жарым тоннадан астам көрсеткішпен тұрса, одан кейінгі орынды Алматы облысы алды, 21 мың тоннаға жуық тәтті өнім өндірілген.
Басты себеп – елдегі қант зауыттарының жағдайы. Өндіріс ошақтары 30 пайыздан 70 пайызға дейін тозған. Олардың жұмысын жолға қою үшін миллиардтаған инвестиция қажет. Осы тұста жаңа қант зауыттарын салу жоспарда бар. Елдегі азық-түлік тақырыбын жалғастырсақ. Еліміз төрт түлік пен құс импортын азайтқан. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл 3 тоқсанда 577 мыңнан астам мал басы экспортталған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Ірі қара экспорты 2 есе өсіп, 57 мың басқа жеткен. Оның ішінде Өзбекстанға – 47 мың бас, Тәжікстанға 4,9 мың бас, Әзірбайжанға – 3,9 бас жеткізілген. Ал импорт керісінше 18,4 пайызға азайған. Оның ішінде 9,8 мың бас ірі қара, 9,8 мың бас жылқы мен жылқытұқымдас және 5,9 млн үй құсы бар.
Еске салсақ, бірнеше ай бұрын оңтүстік өңірде австриялық әдіспен төрт түлік өсіру жоспарланған. Жоба құны 8,5 жарым миллиард теңге.
Оқи отырыңыз: Елімізде жекешелендіруге берілетін объектілерді сату қағидаларына өзгеріс енгізілді