Аталған қор кітапханаға 2500-ге жуық таңдаулы кітап, қолжазбалары мен мұрағат материалдарын сыйға тартты
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әлемге әйгілі Бреттон-Вудс қорының кітапханасы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы һәкім Абайдың есімі берілді. Аталған қор кітапханаға 2500-ге жуық таңдаулы кітаптарын, қолжазбалары мен мұрағат материалдарын сыйға тартты. Сыйланған құнды жәдігерлер арасында Нобель сыйлығын иеленген айрықша еңбектер де бар.
"Кітапхананы заманауи ғылыми әдебиетпен қамтамасыз етіп отырған – Бреттон-Вудс қоры. Бұл жерге соңғы жылдары шыққан әлемдік сарапшылар, Нобель лауреаттарының кітаптары, экономика, халықаралық қатынас және тағыда басқа да салалар бойынша ең құнды деген әдебиет әкелініп отыр", – деді Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тлепов.
"Абай университетіне Бреттон-Вудс қорының кітаптар жиынтығын тапсырдық. Мұның біразын 20 жыл бойы өзім жинағанмын. Бұл кітаптардың қатарында жаһандық экономика, әлемдік саясат, дүниежүзінің саяси құрылымы жайында бірқатар еңбектер бар. Менің ойымша бұл – болашақ білімгерлер мен студент, докторанттарға жасалған зор мүмкіндік", – деді Reinventing Bretton Woods Foundation қорының директоры Марк Юзан.
Оқи отырыңыз: Алматыда Арман Жүдебаевтың шығармашық кеші өтті