Экономиканы цирландыруда маркетплейстердің рөлі қандай

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде электронды саудаға сұраныс айтарлықтай артқан. Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы бес жылда саладағы сатып-алу мен сату көлемі 5 есеге көбейіпті. Бұл қазынаға 3,2 триллион теңге кіріс әкелген, деп хабарлайды  Almaty.tv.

Қазақстандықтардың соңғы жылдары расымен де дәстүрлі саудадан бас тартып, электронды сауда жасауға көшкен. Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, өсім әсіресе соңғы 5 жылда қатты байқалған. Вице-министр Әсет Нүсіповтың айтуынша, тұтынушылардың қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға бейімделуіне – бірнеше себеп бар. Оның айтуынша, электронды сауда ашық әрі әділ іскерлік ортада жұмыс істейді. Яғни, тұтынушы тауардың қай түрін болса да, үйден шықпай-ақ таңдай алады. Оның сапасына қатысты пікірлерді маркетплейсің платформасынан оқып, тапсырысты онлайн рәсімдеуіне мүмкіндік жасалған. Бұл – сатушы мен сатып алушының арасында сенімді қарым-қатынас орнатып, тауарға қолжетімділікті арттырады. Сондай-ақ қаражаттың қайда және қалай жұмсалғаны ашық көрсетіледі. Ал дәстүрлі бөлшек саудада транзакциялардың едәуір көп бөлігі сұр аймақта қалуы ықтимал. Кәсіпкерлер тапқан пайдасын жасырып, тиісті салықтан жалтаруы мүмкін. Сондықтан экономиканы цифрлық трансформациялауда – электронды сауданың рөлі айрықша болып тұр. Сондай-ақ онлайн сауда ел қазынасын толтыруға да ықпал етуде. Былтыр отандық маркетплейстер 150 миллиард теңге көлемінде салық төлеген. Бұл бір жылда өсімнің 1,3 есеге артқанын көрсетеді. Ал жалпы табыс 3,2 триллион теңгеге жетіпті. Алайда «бәрін айт та, бірін айт» демекші, маркетплейстегі саудаға қатысты шағым да көп. Тұтынушылар көп жағдайда кері байланыстың болмайтынына, зияткерлік меншік құқығының қорғалмайтынына наразылық білдіріп жатады. Тауарлардың сапасына көңілдері толмайтын көрінеді.  Ал жауапты министрлік бұл жайттан хабардар екенін айтты. Мәселені шешу үшін электрондық саудада тұтынушылардың құқығын қорғайтын заңға түзетулер енгізуді қарастырып жатыр екен.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 101 шетелдік интернет компания жұмыс істейді. Өткен жылы Қытайдың 3 ірі алпауыт платформасы ресми тіркеуден өтіпті. Бұл халықаралық құрылымдар соңғы 3 жылда Қазақстан қазынасын 75 миллиард теңгеге толтырған. Төленген жалпы салықтың жартысына жуығы тек 2024 жылға тиесілі. Сондықтан ел билігі алдағы уақытта трансшекаралық электронды сауданы ынталандыра түсуге ниетті. Осы мақсатта қойма салу, логистикалық инфрақұрылымды дамытуды мықтап қолға алмақ. Мәселен Алматы облысында шетелдің сауда платформалары арқылы жеткізілген тауарларды тарататын орталық бой көтермек. Ал Алматы әуежайының аумағына заманауи мультимодальді қойма салу көзделуде. Бұдан бөлек, отандық сауда платформаларына да ерекше көңіл бөлінбек. Бұл ретте тек бір қазақстандық маркетплейске 50 миллион АҚШ долларына жуық инвестиция тартылып, 10 мыңдай жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Қорытындылай келе, электронды сауда – азаматтардың екі қолға бір күрек табуына, салық түсімдерінің өсуіне және шетелдің қалталы компанияларын тартуға ықпал ететін маңызды сала болып отыр. Бұл өз кезегінде қаржылық операциялардың ашықтығын да арттырмақ.

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров