Креативті индустрия: былтыр қазақстандық киноөндіріс 58 пайызға өсті

18.03.2025 15:02

Қазақстан 2024 жылы «креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішінде 93-орыннан 65-орынға көтерілген

Елімізде креативті индустрияны дамыту қоры құрылады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында креативті индустрияны қолдау қорын құруды тапсырған. Үкімет аталған институтты 1 шілдеге дейін іске асыруға бекініп отыр. Оның негізгі мақсаты – инвестиция тарту, жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ отандық шығармашылық өнімдердің экспортына жәрдемдесу.

 «Қазақстандағы креативті индустрияларды дамыту қорының бюджеті ұлттық лотерея операторы қызметінен бөлінетін 3 пайыз аударым есебінен қалыптастырылады. Қор қызметінің маңызды бағытының бірі – креативті индустриядағы венчурлық инвестицияларды дамыту. Осыған байланысты Астана халықаралық қаржы орталығы базасында венчурлық бөлімше құрылып, инвестицияларды тиіміді басқару үшін басқарушы компаниялар пулы тартылады», – деді ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева.

Креативті орталықтар облыстар мен еліміздің ірі қалаларында да ашылады. Қазірдің өзінде республика бойынша 12 креативті хаб бар. Алайда Ақмола, Алматы, Жетісу, Ұлытау сияқты бірқатар облыстарда бұл жұмыс әлі аяқталмаған. Үкімет басшысы аталған аймақ әкімдеріне жылдың соңына дейін шағырмашылық хабтар құрып, жобаларды қаржыландыру үшін инвесторлар тартуды тапсырды. Ал Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы кино тақырыбына ерекше мән бергенін еске салып, сапаға мән беру керек екенін айтты.

 «Қазақстандық киноөндірісі былтыр 58 пайызға өсті. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан да құрылтайда Мемлекет басшысы түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек», – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы кинодан түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз етуді міндеттеп, «е-кино» платформасын жедел іске қосуды бұйырды. Олжас Бектенов фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінің қалтасында қалатынына алаңдап, кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүддесі тепе-тең болуы керекекенін айтты. Аида Балаеваның айтуынша, қазіргі уақытта «е-кино» жүйесі сынақ режимінде іске асырылып жатыр. Оған елдегі 100-ден астам кинотеатрдың 68-і ғана қосылып, билет сатудан түскен табысын ашық көрсетіп отыр.

 «Бұл жүйе киноиндустриядағы ашықтықты арттыру, елімізде кассалық түсімдерді әділ бөлу міндеттерін атқарады. «е-Кино» жүйесіне деректер кинотеатрлардың билет сату жүйесінен нақты уақыт режимінде түседі. Жүйе жекелеген сеанс пен фильм көрсетіліп жатқан өңір бойынша көрермендер саны мен кассалық түсімдерді бақылауға, билеттерді жүктеу үрдісін мониторингтеуге, кино көрсетілімдері мен түсімдерін жанр, тіл және өндіріс елі бойынша талдауға мүмкіндік береді, – деді ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева.

Елімізде 2019 жылдан бері креативті экономика 3 есе өсіпті. Алайда жалпы ішкі өнімге қосқан үлесі салыстырмалы түрде әлі де төмен. Олжас Бектеновтың айтуынша, бұл көрсеткіш 1 пайыз. Десе де былтыр креативті қызмет экспорты 250 миллиард доллардан асып түскен. Қазақстан 2024 жылы «креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткішінде 93-орыннан 65-орынға көтерілген. Өз кезегінде Премьер-министр жауаптыларға жыл соңына дейін 2026-2030 жылдарға арналған креативті салаларды одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: «Алматы - ән қанатында» бағдарламасы көрерменге жол тартады