Ілгерілеуге бастаған алты жыл: елдегі жетістіктер қандай

17.03.2025 20:49

Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған

Таяу күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына 6 жыл толады. Осы уақыт ішінде еліміз көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр жалпы ішкі өнім 288 миллиард АҚШ долларына жетсе, соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Әлеуметтік көрсеткіш те өскен. Ұстаздар мен дәрігерлер және орта медициналық персоналдың жалақысы едәуір көтерілді. «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында 9 мыңнан астам сәби дүниеге келген.

Елімізде шикізаттық емес салалар экономиканың қозғаушы күшіне айнала бастаған. Мәселен 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4 пайызға өскен. Тек 2024 жылы аталған секторда жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылып, 14 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.

 «2020 жылдан бастап 850-ден астам жоба жүзеге асырылып, оған 6,5 триллион теңгеден астам қаржы құйылды. Атырау облысында полипропилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешені салынды. Былтырғы ірі жобаның бірі – Саран қаласында автокөліктерге дөңгелектер шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Ондағы дөңгелектер нарыққа шығарылда», – деді  «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарушы директоры Дәурен Байдүйсенов.  

Елімізде мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жою, білім сапасын жақсарту, педагог мәртебесін көтеру мәселесі өзекті. Соңғы 6 жылда республикада 1 мың 367 бөбекжай ашылып, 1 миллион оқушыға арналған 1 мың 200 білім ошағы пайдалануға берілген. Қарқынды құрылыстың нәтижесінде 32 апатты және 71 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген. Биыл 300 мың оқушыға арналған 200 жаңа білім ордасы бой көтереді.

 «Бұрын-соңды болмаған қарқынды мектеп құрылысы мектептердегі оқушы тығыздығы мен үш ауысымдылық мәселелерін едәуір азайтты. Нәтижесінде бүгінде елімізде 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, 4,8 мыңнан астам мектеп 2 ауысымда жұмыс істеуде.  Сондай-ақ таяудағы үш жыл ішінде Қазақстанда 1300-ге жуық мектеп реновацияланады, оның жартысынан көбі, демек 54 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама көптеген мәселеге қозғау салып, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған.

 «Парламенттің ықпалы арта түсті. Заң жобаларын әзірлеу барысында мемлекеттік қызметті жетілдіру тұрғысынан жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Бюджеттің дұрыс және орынды пайдаланылуын Парламент бақылайды. Жалпы алғанда елдің саяси өмірі, заң шығарушы органның қызметі ашық бола түсті», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьева. 

Қазақстан IT-қызметтер саласында Орталық Азияда көш бастап тұр. Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өскен. Президент елімізде жасанды интеллектті дамытуға да ден қойған. Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.

Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыдағы №8 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртылды