Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндер бұл салық түрінен босатылады
Қосылған құн салығын арттыру және оны саралап енгізу ел бюджетінің мұнай кірісіне тәуелділігін азайтады. Бұл – ел Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің алматылық кәсіпкерлермен кездесуінде айтылған пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиында қосылған.құн салығы бойынша тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендету, сол арқылы көлеңкелі бизнеске тұсау салу мәселелері талқыланды. Себебі бүгінде кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана аталмыш салық түрін төлейді. Басқосуда спорт, туризм, медицина, жеңіл өнеркәсіп сынды салаларда қызмет ететін кәсіпкерлер де өзгеріске қатысты ұсынысын жеткізді.
"Денсаулық сақтау саласы – әлеуметтік сала. 10 пайыз құн салығы қосылғаннан кейін, жеке медициналық орталықтар қызметтеріне бағасын көбейтеді. Көп адамның мүмкіндігі жоқ. Сондықтан пікірімізді айтып, 0 пайызды қалдыруға ұсыныс жасадық", – деді кәсіпкер Ержан Сүлейменов.
Салық кодексіне енетін өзгерістерді түсіндіру үшін 6 жұмыс тобы құрылған. Олар өңір-өңірді аралап, жергілікті кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, талдау жүргізеді.
Атап өтейік, қазір қосылған құн салығын 16, 10 және 0 пайызға жіктеу ұсынылып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндер бұл салық түрінен босатылады.
"Сауда жасайтын, базарда тұратын адамдар, ресторан, қонай үй қызметіне ешқандай реформа әсер етпейді. Себебі ешқандай өзгеріс болмайды. Алматы –ШОБ-тің дамыған өңірі. Түрлі пікір айтылды, ертең іске асырамыз", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Оқи отырыңыз: ҚҚС: Сыр өңірінде арнайы жұмыс тобы кәсіпкерлермен кездесті