Ел Үкіметі Ұлттық қордағы қаражатқа тәуелділікті ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы азайтпақ
Ел Үкіметі Ұлттық қордағы қаражатқа тәуелділікті ірі жобаларды жүзеге асыру арқылы азайтпақ. Мәжілісте Экономика министрі Нұрлан Байбазаров ондағы қаржыны 100 миллиард долларға жеткізу мәселесі тұрғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық қордағы қаржыны 100 миллиардқа жеткізу біздің стартегиялық мақсатымыз деген Экономика министрі қазір үкімет фискалды саясат пен Ұлттық банктің ақша-несие саясатын сәйкестендіру, алшақтықты азайту бағытында жұмыс атқарып жатқанын айтты. Нұрлан Байбазаров мақсатты трансферттердің көлемін шектеу қарастырылып жатқанын да тілге тиек етті.
"Өздеріңіз білесіздер, 17 ірі жобамен айналысып жатырмыз. Бұл жобалардың саны арта түседі. Екіншіден, инфрақұрылымдық ірі жобаларға қатысты ұлттық жоспар қабылдадық. Бәрін қамтысақ, осы жобаларды іске асыруға 100 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция керек", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров
Он айдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім динамикасы 4 пайыздан асқан. Жылдың аяғына дейін қарқын азаймайды деген ведомство басшысының сөзімен депутат Еділ Жаңбыршин келіспейді. Халық қалаулысы ел экономикасында өсім жоқ екенін айтты. Үкіметтің жұмысын сынға алып, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал тастады.
"Неше жыл болды сіз өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларына басқарып отырсыз. Ешқандай өсім жоқ. Мұнай құлап бара жатыр. Не істеп отырсыздар? Қалай бюджетті толтырасыздар? Ұлттық қорды шикізатпен толтыра алмаймыз ғой. Ішкі өнімді өсіре алмаймыз? Қанда жоспарыңыз бар? Осылай келесіздер, депутаттарға жауап бересіздер де, кетесіздер. Өсіп жатқан өнім не салық жоқ? Ұлттық қорда не ішкі өнімде өсім жоқ?" – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр өз кезегінде экономика мен өңдеу өнеркәсібінде өсім барын айтып, тиісті жұмыс жасалып жатқанын жеткізді. Мәжілістің бүгінгі отырысында депутаттар сенаторлар кері қайтарған үш жылдық бюджет туралы заң жобасын қабылдады.
Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы
Оқи отырыңыз: Президент Астанаға іссапармен келген Владимир Путинді қарсы алды