Жол-құрылыс маусымы: жөндеу жұмыстарына 200-ден астам отандық компания қатысты

27.01.2025 14:39

Almaty.tv

Елімізде 7 мың шақырым жолдың құрылысы аяқталды. Атап айтқанда, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан күре жолдарында құрылыс жұмысы бітті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Көлік минимстрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаларды іске асыру көліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге, жол жүру уақытын едәуір қысқартуға, жолдың өткізу қабілетін арттыруға, ел аймақтары арасындағы көлік байланысын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.

Әкімдіктер жергілікті маңызы бар 3,6 мың шақырымнан астам жолды пайдалануға берді. Жөндеу жұмыстарының ең көп көлемі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында орындалды. Қостанай облысында 655 шақырым жол, СҚО-да 611, ШҚО-да 305, Ақтөбе облысында 301, Павлодар облысында 272 шақырым жол жұмыстары аяқталды.

Жол-құрылыс маусымына 200-ден астам отандық компания қатысты. Жол-құрылысына пайдаланылған материалдардың ішінде отандық өнімнің үлесі шамамен 96 пайызды құрады. Жүргізілген жұмыстардың арқасында жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы ұлғайып, республика бойынша орта есеппен 89 пайызға жетті. Салыстырамалы түрде 2019 жылы бұл көрсеткіш 68 пайызды құраған.

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыны айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады