Салық төлеу бойынша хабарлама алған азаматтарға 30 жұмыс күні ішінде табыстарын ерікті түрде жариялау немесе түсіндірме беру мүмкіндігі берілген
Блогерлер өз еркімен салық төлей бастады. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 12 азамат 1,4 млрд теңге көлемінде қосымша табыстарын декларациялап, 73,6 млн теңге салық төлеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өтімді контент жасап, атағыңды асқақтатып, сол арқылы табыс табу – бүгінде талайдың арман-мақсатына айналғаны анық. Желіде жарнама жасап, тауар сатумен айналысатындардың кірісі аз емес екені де бесенеден белгілі. Алайда табыс көзі бар кез келген азаматқа салық төлеу – міндет, ал жалтару – қылмыс.
«2025 жылы камералды бақылаудың нәтижесінде салық төлеу бойынша жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге 80 мың хабарлама жіберілді. Олардың қатарында 854 блогер бар. Қазір алғашқылары табысын растап, салық төлей бастады», – деді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер департаментінің ресми өкілі Гүлжан Калменова.
Қоғам белсенділерінің айтуынша, салық төлеу – жалпақ жұртқа ортақ міндет. Тек оны жеңілдетіп, халыққа қарапайым тілмен түсіндірудің кем тұстары бар.
«Мемлекет тарапынан мәселе төңірегінде түсіндірме іс-шаралары ұйымдастырылып, салық инспекциясымен жұмыс жүргізілсе деген ұсынысым бар. Күнделікті қолымызда жүрген смартфонымыздағы бір-екі батырманы басып, салық төлей алатындай жағдай жасауымыз керек шығар. Айтқым келгені, елде салық төлеу мәдениетін қалыптастыру қажет», – деді қоғам қайраткері Богдан Джепка.
Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани «Бұл «борышкер» блогерлердің «ізіне түсу» емес, салықтың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан жалпы жұмыстың бір бөлігі» дейді. Кәсіпкерлік қызметтен түскен кез келген табысқа заңға сәйкес салық салынуы тиіс.
«Үкіметтің бұл шарасы – блогерлерге қарсы майдан емес, бұл көлеңкедегі экономиканы ашыққа шығару, заңдастыру туралы талап қана. Осыны ерекше екпінмен айту қажет. Қазіргі таңда бұл – халықаралық практикада бар дүние. АҚШ-та, Ресейде, Еуропада бар», – деді саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани.
Айта кетейін, салық төлеу бойынша хабарлама алған азаматтарға 30 жұмыс күні ішінде табыстарын ерікті түрде жариялау немесе түсіндірме беру мүмкіндігі берілген. Егер осы уақыт ішінде азамат талаптарды елемесе, оған айыппұл мен салықты өсімпұлмен бірге мәжбүрлі түрде өндіру шаралары қолданылуы мүмкін.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: "Бізде толық тізім бар": Үкімет басшысы кәсіпкерлерді екі апта ішінде салықты әділетті түрде төлеуге шақырды