Министрлік мұндай заңбұзушылықтарға жол берген БАҚ-қа әкімшілік шара қолданылатынын ескертеді
ҚР Туризм және спорт министрлігі интернеттегі букмекерлік кеңселердің жарнамасына қатысты шаралар қабылданғаны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, «Жарнама туралы» заңға сәйкес, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарнамалауға тыйым салынған. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын тек уәкілетті органда тіркелген және спорт тақырыбына маманданған бұқаралық ақпарат құралдарында ғана орналастыруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар телеарналардағы спорт айдарларында немесе бағдарламаларында да букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға рұқсат жоқ.
Осыған байланысты, жүргізілген талдау нәтижесінде қазақстандық сайтта букмекерлік кеңселердің жарнамасы заңсыз орналастырылғаны анықталған. Бұл факт бойынша іс сотқа жолданып, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты порталдың заң бұзғанын растады. 2025 жылдың ақпанында апелляциялық шағым қаралып, бастапқы сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Министрлік бұл жағдайды құқықтық прецедент ретінде қарастырып, осындай заңбұзушылықтарға жол берген бұқаралық ақпарат құралдарына әкімшілік шаралар қолданылатынын ескертеді. Сондай-ақ жарнама саласындағы заңнаманың орындалуын бақылауды жалғастырып, барлық жарнама таратушыларды қолданыстағы талаптарды сақтауға шақырады.
Оқи отырыңыз: Бұл – блогерлерге қарсы майдан емес, көлеңкедегі экономиканы заңдастыру - саясаттанушы