Әлеуметтік салық және жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары жойылады
Алматы облысындағы АЭС-ті қай елдің салатыны маусымда белгілі болады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында алғаш болып Премьер-министр Олжас Бектенов баяндама жасады. Былтыр ел экономикасы 4,8 пайызға өскен. Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне басымдық берілген. Мемлекеттік сатып алулар шеңберінде тек қазақстандық өндірушілерден алынатын тауарлық позициялардың тізбесі 3 есеге ұлғайтылған көрінеді. Президент елде экономика өсіп жатқанымен, атқаратын шаруа шаш етектен екенін айтты.
"Жаңа дәуірдің сын қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалар мен нақты бағыты, оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап орнықты дамытуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдау керек", – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев «энергия тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан құбылыс» дейді. Сондықтан алғашқы АЭС құрылысын тездетуді тапсырды.
"Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл – еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет. Үкіметке «Самұрық қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Нақты нәтиже керек", – деді Мемлекет басшысы.
Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС салу ісінде келісімге жуық арада қол қойылатынын айтты. Ал Үкімет мүшелері екінші және үшінші АЭС-ті қай жерге салу керек екенін зерттеп жатыр. Тіпті жұмыстар аяқталуға жақын көрінеді. Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, ядролық нысанның құрылысын бастауға референдум өткізудің қажеті жоқ.
"Қажеті жоқ. Тиісті заңнамаға сәйкес аталған АЭС Үкіметтің шешімімен салынады", – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Олжас Бектенов қосымша құн салығын 12 пайыздан 20 пайызға көтеру керек екенін айтты. Экономика министрі Серік Жұманғарин мінберге шығып, көптен бері қызу талқыланып жатқан Салық кодексі туралы сөз қозғады. Әлеуметтік салық және жұмыс берушілердің зейнетақы жарналары жойылады, олардың шығындары бюджет есебінен жабылады. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін салық көтеріледі. Министр қосымша құн салығының қалай өзгеретініне де тоқталды.
"Ұлттық банк" өкілдері, ірі кәсіпкерлер және сарапшылармен пікір алмастық. Олар арнайы макроқаржылық модельдер арқылы есептейді. Бағаның көтерілуі тауарларға байланысты. Меніңше, күнделікті тұтынып жүрген тауарлар шамамен 5-6 пайыздан артық көтерілмейді, алайда инфляция артады. Дегенмен ол да қысқа мерзімді ғана болмақ. Қосымша құн салығының Үкіметке берері көп. Өйткені 6-7 трлн қосымша ақша Үкіметтің даму бюджетіне түседі", – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне қатысты реформаны қолдайтынын айтып, бұл мәселеге келгенде қателесуге болмайтынын жеткізді. Осы орайда Президент Салық кодексінің мәжілістің қарауында жатқанын еске салды. Биыл дәл осы құжатқа және Бюджет кодексіне басымдық беру керек.
Мемлекет басшысы Үкіметтің жұмысына оң баға бергінен де айта кету керек. Дегенмен арқаны кеңге салып, босаңсуға болмайды. Сөз соңында Президент жауаптыларға бінеше тапсырма беріп, оның орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Астанадағы LRT құрылысы қашан аяқталады