Мәжіліс жаңа салық кодексі жобасын бірінші оқылымда талқылады
Елімізде бюджет тапшылығын еңсеру мақсатында салық реформасы қызу талқыланып жатыр. Бүгін мәжіліс депутаттары кодекс жобасын 4 сағат бойы талқылап, бір шешімге келе алмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Даудың басы Серік Жұманғариннің кейбір секторларға қосымша құн салығы салынбайды, тек салықтық жеңілдіктер қарастырылады деген сөзінен басталды. Мәжілісмендер құжатта салықтық жеңілдіктер көп дейді. Мәселен, қатты пайдалы қазбаларды өңдеуге, жетілген мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға балама салық енгізілмек.
«Түсті металды алып сататындарға жеңілдік беріп қойған. Олар ҚҚС төлемейді. Мен оларды бай деп есептеймін. Тау кен өндірісі. Не үшін салық төлемеуі керек? Жер қойнауын пайдаланатын тұлғалары салықтан босатуға болмайды», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек.
Үкімет импортталатын дәрі-дәрмектің әлеуметтік тізімін жасап, салықтан босатпақ. Қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге 10 пайыз мөлшерде салынады. Депутаттар бұл позицияға да қарсы шығып отыр. Өйткені ақылы медициналық қызмет алатын азаматтарға ауыртпашылық артады.
«МӘМС бойынша проблемалар бар. Солай ғой? МӘМС бойынша уақытында қызмет ала аламайсың. Сондықтан азаматтарымыз қалтасынан ақша шығарып, ақылы қызметке жүгінеді. Оған қосымша 10 пайыз қосылатын болса, ол қымбаттайды ғой. Сондықтан келіспей отырмыз. Екінші оқылымға дейін қайта қарауымыз керек. Тек әлеуметтік дәрілер емес, басқа да дәрілерге жеңілдік жасауымыз керек деп санаймын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.
Серік Жұманғаринді мұқият тыңдаған депутат Ермұрат Бапи құжатқа банктердің 100 миллион теңгеге дейін дивиденд алатын акционерлеріне 10 пайыз, ал бір миллиард теңгеге дейін пайда табатын акционерлеріне 15 процент салық салу нормасын енгізуді ұсынып отыр. Мәжілісменнің бұл ұсынысы Үкімет мүшелеріне ұнап қалған сияқты.
«Ұсыныс дұрыс. Бірақ дивиденттерден қалып жатса, төлету керек. Банк саласына жүктемені көтеріп отырмыз. Бұрын барлығы бірдей 20 процент төлесе, бизнесті несиелеуден басқа сала 25 пайыз төлейді. Оның өзі қосымша жүктеме болып отыр», – деді ҚР Ұлттық банкі төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев.
Экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап шығару, археология саласы қосылған құн салығынан босатылатынын да айтты. Заң жобасына жеті депутат қарсы болса, тоғыз мәжілісмен қалыс қалды. Ал біреуі тіпті дауыс бермеді.
Айта кетейік, заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Алда екінші оқылым бар.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астана
Оқи отырыңыз: Мұнай бағасы төмендеді: ел экономикасына қалай әсер етеді