Туристік алаяқтықтан сақтану үшін нені білу керек

Туризм индустриясы комитетінде туристерге қатысты 50-ден астам сот ісі қаралып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда туристік алаяқтықтың алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр. Cебебі соңғы уақытта интернет арқылы арзан турлар мен авиабилеттер ұсынатын алаяқтар саны артқан. 2024 жылы елімізде интернет-алаяқтықтың 17 мыңнан астам дерегі тіркеліп, келтірілген шығын көлемі 20 миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – туризмнің тартымды орталығы. Өткен жылы қалаға 2,3 миллионнан астам турист келген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Алайда саяхатшылар саны артқан сайын алаяқтардың айласы да күшейіп отыр. Туризм индустриясы комитетінде туристерге қатысты 50-ден астам сот ісі қаралып жатыр. Олардың 40-қа жуығы жәбірленушілердің пайдасына шешілген.  

 «Ең бірінші кезекте турфирманың лицензиясы бар ма, жоқ па – соны тексеру керек. Одан кейін компания қанша жылдан бері жұмыс істеп жатыр, клиенттермен қандай шарт жасасады – бәрі ашық көрсетілуі тиіс. Төлем жасау кезінде де тек ресми әдістерді қолдану маңызды. Бұған қоса, нақты пікірлерді оқып, барлық құжаттарды мұқият қарап шығу керек. Тек ресми тіркелген туроператормен жұмыс істеген жөн», – деді Қазақстан туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шәйкенова.

Сонымен қатар, туризм әлемінде жаңа қауіп – крипто-туризм схемалары кең етек жайып келеді. Бұл әдісте алаяқтар әлеуметтік желідегі жалған аккаунттар арқылы арзан авиабилеттер мен турпакеттер ұсынады. Сенімділік ұялату үшін алдын ала төлем сұрап, кейін ізім-ғайым жоқ болады. Мұндай тәсілдің құрбанына шынайы демалыс іздеген талай жан айналған.

«Азаматтардан шағым не өтініш түскен сәтте-ақ алаяқтық дерегі бірден сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісінің бірыңғай тізіміне тіркеледі. Әрбір факт бойынша қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар келтірілген залалды өндіру шаралары да қабылданып жатыр», – деді Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Қайрат Қасымбаев.

Мамандар туристік сапарды жоспарлағанда барынша сақ болуға кеңес береді. Сенімді дереккөздерге сүйеніп, күмәнді ұсыныстардан бас тарту арқылы ғана алаяқтардан қорғануға болатынын ескертеді.

Мәди Мәлік. Сағынғали Мұңайтпасов

Оқи отырыңыз: Димаш Құдайбергеннің жаңа әні ең көп тыңдалған топ-100 әннің қатарына енді

Новости партнеров