Жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді

30.04.2025 20:27

Мәжіліс депутаттары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Елімізде қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленді. Ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен салық салуға қатысты түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге келер жылдан бастап 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме енгізілмек. Ал тегін медицина, азық-түлік, кітаптар мен басылымдар салықтан босатылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қайтарылатын қосылған құн салығының үлесі 70 пайыздан 80 пайызға дейін артпақ.

 «Салық кодексін қабылдадық. Мемлекет басшысы жыл басында Үкімет отырысында жаңа Салық кодексінің негізгі құрылымын айқындап берген болатын, әділ, ашық және болжамды салық заңнамасын қабылдау туралы нақты міндет қойылған. Бұл – бизнес пен азаматтардың қаржылық міндеттемелерін реттейтін жай ғана ережелер жиынтығы емес, жаңа экономикалық саясат жағдайындағы әділдік пен ашықтық кодексі», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Сондай-ақ жиында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжат Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыру үшін дайындалған. 2027 жылдан бастап елде медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізілмек. Жаңа жүйе барлық медициналық қызмет түрін басқаруды жеңілдетуге септігін тигізеді. Сонымен қатар туберкулез, қатерлі ісік, инсульт, инфаркт секілді дерттерге шалдыққандар үшін ем тегін көрсетілмек. Ал жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтар үшін сақтандыру жарнасын мемлекет өз мойнына алады.

 «Біріншіден, медициналық көмектің біріңғай базалық пакетінің енгізілуі әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте диагностикалау бөлігінде мемлекет кепілдіктерді кеңейтуге және медициналық көмек пакеттерінің қарапайымдылығыменен түсінікті болуын қамтамасыз етуге, пакеттер арасындағы медициналық қызметтердің бір-біріне көшуін болдырмауға және азаматтардың МӘМС жүйесіне толыққанды қатысу үшін ынталандыруды бір мезгілде жасай отырып, денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Оқи отырыңыз: Мәжілісте қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді