«Жанұя» отбасылық амбулатория директорының орынбасары Замира Борлықбаева елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан бойынша корронавирус ауруының өршіп тұрғанын байқауға болады. БАҚ немесе басқа дереккөздерді былай қойғанда, мұны әр адам өзінен де, әріптестері мен жақын туыстарының ауырғанынан да байқап жатқан шығар. Денсаулық сақтау қызметкерлеріне де үлкен жүктеме түсіп жатыр, амбулаториялық, стационарлық деңгейлердің бәрінде аурушаңдық қайта өршігенін көруге болады», – деді дәрігер берген сұхбатында.
Маманның айтуынша, бұл аурушаңдықтың артқанын «омикрон» штамымен немесе басқа да алдыңғы штамдармен байланыстыруға болады.
«Штамм түрі мен науқастар санын эпидемиологтар молекулярлық деңгейде ғана анықтай алады. Ал біз үшін қай штамм болса да, бәрі коронавирустың ішіндегі түрлер болып саналады, олар ПТР талдауы арқылы ғана дәлелденеді. Бүкіл әлемге таралған «омикрон» штамының басты ерекшелігі – оның аса жұпалы болуы деп білеміз. Сол үшін жаңа жылдан кейін коронавирустың тез таралып кеткенін «омикрон» штамымен байланыстыруға болады», – дейді З. Борлықбаева.
Коронавирустың қай штамы болса да, оның алдын алу мен сақтанудың басты қаруы – вакциналау болып отыр.
«Осы вакцинаны қайта-қайта айта бересіздер деуі мүмкін, бүкіл медицина ұжымы оны қайталаудан еш шаршамайды. Өйткені, аурудың алдын алудың жолы – ұжымдық иммунитет қалыптастыру, ол үшін вакцина алу керек. Вакцина алғандардың да ауырып жатқаны рас. Яғни о баста айтылғандай, вакцина аурудан 100 пайыз қорғай алмайды. Дегенмен, вакцина алғандар саны артпай, ұжымдық иммунитет қалыптастпай, жаңа штамдар тарала береді. Сол үшін де вирустың алдын алудың басты жолы – тек қана екпе алу», – деп түсіндірді дәрігер.
Ал жалпы коронавирус үшін маска тағып жүру, қолды таза ұстау, халық көп жиналған орындарға, сауда орындарына бармау, қонақ шақырмау секілді екі жылдан бері айтып жатқан шаралар – қай штамм болса да өзекті болып қала береді.
«Яғни барлық сақтану жолдары бір – оқшаулану мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау арқылы вирустың таралуын тоқтата аламыз. Сондай-ақ «омикрон» штамының басқалардан көбірек байқалған белгісі – буын, бұлшықет, сүйектердің қақсап ауыруы. Яғни, дене қызуы болмауы да мүмкін, бірақ басты симптомдардың бірі ретінде буын, сүйек, дененің қақсап ауыруын, айқын әлсіздікті және құрғақ жөтелді ерекше айтуға болады. Мобильді топтар мен фильтр кабинеттегі науқастардан байқалған басты белгілер осындай. «Омикрон» штамы жеңіл өтеді деген сөз де бар. Әрине, ауыр жағдайлар да бар, инфекциялық стационарлар қайтадан жаңа бөлімшелерін, жаңа төсек-орындарды ашып жатыр. Онда да науқастар саны артып отыр. Дегенмен науқастардың басым бөлігі амбулаторлық ем алатынын, бір аптадан кейін жағдайлары біртіндеп жақсара түскенін байқадық», – деді З. Борлықбаева.