Карантиндік шектеу шараларына жеңілдіктер енгізілді. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Елдегі коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Үкіметтің Ведомствоаралық комиссиясы бизнес пен халыққа қатысты шектеу шараларын жеңілдетті", – деді ведомство басшысы.
Оның ішінде:
1. Ashyq-та «жасыл» және «көк» мәртебесі бар адамдар (келушілер) үшін барлық эпидемиологиялық қауіп аймақтарында – объектілерге бару рұқсат етілген, сонымен қатар, «қызыл» аймақта халық көп жиналатын объектілерді 70%-ға дейін толтыруды шектеу сақталады.
Анықтама: сауда алаңы 1000 шаршы метрден астам сауда орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері (азық-түлік емес), сауда алаңы 6000 шаршы метрден астам сауда желілері (азық-түлік), бассейндер, ойын, түнгі клубтар, караоке қызметі; Көрмелер, марафондар, спорттық, салтанатты, еске алу, отбасылық іс-шаралар (банкеттер, ас беру), конференциялар, форумдар, ойын-сауық, ұжымдық құдайға құлшылық ету және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізу;
2. Ұйымдар мен кеңселердің офлайн режимде жұмыс істеуі үшін шектеулер алып тасталды;
3. Ревакцинация алған немесе екінші компонентті алғаннан кейін 6 айдан аспаса, COVID-19-ға қарсы вакцинацияның толық курсын алған, елге келетін ҚР азаматтары үшін міндетті ПТР-тестілеу тоқтатылды;
4. Вакцинация паспорттарын бізбен өзара танитын 30 шет елдің азаматтарына ПТР тестісіз кіруге рұқсат етілді;
5. Ауру белгілері болмаған жағдайда байланыста болған адамдарды үй карантиніне оқшаулау тоқтатылды («Ashyq» жобасынан «сары» мәртебені алып тастау).
Бұдан басқа, халықтың осал топтарын вакцинациялаумен және ревакцинациялаумен қамтуды ұлғайту мақсатында Қазақстанда барлық топтағы мүгедектерге вакциналардың барлық түрлерін, соның ішінде «Pfizer» вакцинасын пайдалануға рұқсат етілді.
Сондай-ақ 50 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау үшін және бірінші компонентті шет елде алған адамдарға вакцинацияның бастапқы курсын аяқтау үшін «Pfizer» вакцинасын пайдалануға рұқсат етіледі.
"Тек вакцинация, ревакцинация алып, бәрімізге бұрыннан белгілі профилактика шараларын сақтау керек екенін тағы да халықтың есіне салғым келеді. Қабылданған шектеу шараларының жеңілдіктерін ескере отырып, бизнес субъектілері өз объектілерінде халықтың қауіпсіздігін және белгіленген алгоритмдерді қатаң орындауы тиіс, бұл эпидемиологиялық жағдайдың оң динамикасын сақтауға мүмкіндік береді", - деп ескертті елдің бас дәрігері.
Еске сала кетейік, министр бұған дейін Қазақстан сырқаттанушылық бойынша әлем елдері арасында 120-орында екенін айтқан болатын.
Дереккөзі: baq.kz