Ұлыбританияда коронавирусқа шалдыққандар саны әлі де артуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ұлыбританияның денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігінің атқарушы директоры Дженни Харрис елде бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 32 пайызға өскенін айтты. Өткен аптада қауіпті инфекцияға шалдыққандар санының шамамен 500 мыңға артуы Omicron-ның BA.4 және BA.5 деп аталатын екі түрінің жылдам таралуына байланысты.
30 маусымда Англияда вирус жұқтырып, ауруханада төсек тартқандар саны шамамен 9 мың адам болған. Бұл ай басындағы көрсеткіштен екі есе көп. Жалпы Англияда коронавирус анықталған тұрғындар саны 1 829 100 адамға жеткен. Бұл халықтың 3,35%-ын құрап отыр. Уэльсте бұл көрсеткіш 106 мың болды, бұл халықтың 3,49% немесе шамамен 30 адамның бірін құрайды. Солтүстік Ирландияда тест тапсырғандардың ішіндегі 71 мың адамнан вирус анықталған.