Б. Сағынтаев: Басты міндет — коронавирустың жаңа толқынын тоқтату

02.04.2021 17:59

Өткен айдың басынан бастап індеттің үшінші толқыны басталды

Илья Питалев

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистегі қазіргі эпидемиологиялық жағдайға арналған онлайн-конференцияда мегаполистің «қызыл» аймаққа кіру себебін сөз етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соңғы мәлімет бойынша, қалада коронавирустық инфекцияның 35 193 жағдайы тіркелген, оның 24 012-сі симптомды және 11 181-і симптомсыз. 1 сәуірде коронавирустық инфекцияның 595 жағдайы тіркелді,оның 497-сі симптомды және 98-і симптомсыз.

Науқастардың 52-сінің жағдайы өте ауыр, 531-інің жағдайы ауыр, 2362-сі орташа ауыр дәрежеде. Соңғы мәлімет бойынша, 233 адам жазылып шықты, келіп түскен науқастар саны — 339. Реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінде 157 пациент бар. Бос төсектер — 293.

ӨЖЖ аппаратына 10 науқас қосылған, инвазивті емес ӨЖЖ-ге 55 науқас қосылған, High flow -да 62 аппарат жұмыс істеуде.

Қалада коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Өткен айдың басынан бастап індеттің үшінші толқыны басталды. Оған себеп мутацияланған штамдардың пайда болуы (Оңтүстік Африка, Бразилия және британдық).

Мегаполистің зертханаларында 113 сынаманың мутация ықтималдығына зерттеулер жүргізіліп, 63 сынамада мутацияның жоғары ықтималдығы анықталды, ол қала бойынша орта есеппен 56 пайызды құрады. 113 сынаманың 31-інен британдық штамм анықталды, ол 71 пайызды құрайды.

Сондықтан қалада қатаң шектеу шаралары енгізілді. Сонымен қатар, мутацияланған штамдарда қысқартылған инкубация кезеңі байқалады. Сол үшін ол барлық топтағы адамдарға, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балаларға да қауіп төндіреді.