Алматыда жасырын жұмыс істеген 2 караоке орталығы анықталды

25.10.2021 19:54

Қаланың «сары» аймаққа өткеніне қарамастан, індет жұқтыру қаупі әлі де жоғары

Almaty.tv

Алматыда өткен демалыс күндері жасырын жұмыс істеген 2 караоке орталығы анықталды. Мамандардың айтуынша, карантин ережелерін бұзатын кәсіпкерлік нысандар әлі де азаймай тұр. Соған байланысты Almaty.tv тілшісі Бостандық ауданының мониторингтік топтарымен бірге рейдке шығып, бірнеше мекеменің жұмысын әшкереледі.

Тексерушілер ішінен құлыптаулы орталықтарға кіру үшін түрлі қулықтарға барған. Қарапайым қонақ болып кірген.   

Кәсіпкерлік нысанның жасырын жұмыс істеп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен соң, сол сәтті пайдалана отырып, қарапайым қонақ ретінде ішке кіріп көруді жөн көрдік. Яғни мекеме қызметкерлері Ashyq-пен кіргізе ме, кіргізбей ме, соны білмек едік.

Түсірілім барысында Сәтбаев көшесінің бойында орналасқан караоке орталығы келушілерді еш тексеріссіз кіргізіп жатқаны анықталды. Ол аздай, шектеулі уақыттың асып кеткеніне қарамастан, жасырын жұмыс істеген. Іші адамға лық толы мекемеде қорқор да шегіліпті. Кейін мамандар анықталған фактілер бойынша мекеме әкімшісіне хаттама толтырып, тиісті органға жолдады.

«Бостандық ауданында 4 мониторингтік топ жұмыс істейді. Күндіз вакцина, маска режимі қадағаланса, түнде кәсіпкерлік нысандардың санитарлық талаптарға сай болуы тексеріледі. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Бостандық ауданы мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас маманы Досхан Рахметилдаев.

Одан бөлек, Жандосов даңғылының бойында орналасқан караоке орталығы да карантин ережелерін өрескел бұзған. Кәсіпкерлік нысаны түн ортасына дейін жұмыс істеп, меймандарды жасырын қабылдаған. Ал мекеме қызметкерлері маскасыз жүр. Амалы таусылған мамандар келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бәрін үйіне қайтарды.

Айта кетейік, қаламыздың «сары» аймаққа өткеніне қарамастан, індет жұқтыру қаупі әлі де жоғары. Сондықтан сақтық шараларын мұқият сақтаған абзал. 

Мерей Қанапиянов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы