Коронавирус салдарынан Еуропада жұмыссыздық белең алып барады

24.02.2022 19:39

Қазір онда вирустың салдарынан қоғамдық теңсіздік басталуда

Almaty.tv

Коронавирус Еуропа халқының әлеуметтік жағдайын ушықтырып жіберді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір онда вирустың салдарынан қоғамдық теңсіздік басталуда. Өйткені күннен күнге жұмыссыздар қатары көбейіп барады. Бұған басты себеп – бірқатар мемлекеттерде пандемиядан кейін экономикалық жағдай нашарлап, еңбек нарығы зардап шеккен.

Сондықтан қайырымдылық ұйымдары тамақ пен баспанаға, киім-кешекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп жатыр. Олардың айтуынша, бүгінде Болгарияда ең төменгі жалақы 332 еуро болса, Люксембургте 2202 еуро екен. Ал бұл Еуроодақтың әрбір бесінші тұрғынына кедейлік қаупін төндіреді.  

«Халықтың әлеуметтік жағдайына жауапты ұлттық жүйе қазіргі жағдайды тұрақты ұстап тұрған жоқ. Өйткені олар жұмыссыз және табысы аз азаматтарды шетке ысырып қойған секілді. Ал ол адамдардың тапқан табысы күнкөрісіне жетпейді. Егер біз пандемиядан кейін қоғамның қайта қалпына келгенін қаласақ, біз оларға көмектесуіміз керек», - деді қайырымдылық ұйымының бас хатшысы Мария Найман.

Ал елімізде эпидахуал тұрақтылып келеді. Соңғы тәулікте 566 отандасымыздан вирус анықталды. Ал осыдан 2 тәулік бұрын ковидке шалдыққандар саны 600-ден асқан еді.  Қазір «қызыл» аймақта Солтүстік Қазақстан облысы ғана тұр. Алматы қаласы мен Қостанай, Павлодар облыстары «сары» аймақта орналасқан. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта тұр.