Германияда локдаун 28 наурызға дейін ұзартылды. Мұндай шешімді сәрсенбі, 3 наурыз күні ГФР канцлері Ангела Меркель мен 16 федералды аумақ жетекшілері видеоконференция түріндегі жиналыс кезінде қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап
Сондай-ақ федералды және жер билігі 8 наурыздан бастап кей шектеулерді алу туралы келісті. Оның ішінде, кітап және гүл сататын дүкендер, бау-бақша өнімдерін сататын дүкендер, косметикалық салондар, автомектептер мен пилоттық мектептер ашылады. Сонымен қатар, жеке қарым-қатынастарға қойылған шектеулер де жеңілдетіледі. Яғни, 14 жасқа дейінгі балаларды есептемегенде, екі үйдің 5 адамына дейін кездесуге рұқсат етілді. Сондай-ақ, келесі аптадан бастап әр азамат аптасына бір рет коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жедел тегін тест тапсыра алады, барлық шығынды федералды билік өз мойнына алады.
Дегенмен, азық-түліктік емес дүкендер, қонақүйлер, мейрамханалар мен басқа да мекемелер әзірге жабық. Бұдан кейінгі шектеуді жеңілдету шаралары тұрғындарды тұрақты тестілеу концепциясы мен коронавирус инфекциясының таралуын аптасына 100 мың тұрғынға шаққанда 50 жаңа жұқтыру оқиғасына дейін төмендетуге байланысты болмақ. Көрсеткіш тұрақталса, басқа да дүкендер, мұражай, хайуанаттар бағы, ботаникалық бақ және мемориалдық кешендер ашылады.
Мұндай шешімдер ұсыныс сипатында болады, федералды жер билігі өңірлердегі карантин тәртібінің жеңілдетілгені немесе қатаңдатылғаны туралы шешімді эпидемиологиялық жағдайға байланысты қабылдай алады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Германияда қатаң карантин 7 наурызға дейін ұзартылған еді. Германияда коронавирустың жаңа штамдарының таралуын тоқтату мақсатында Чехиямен шекаралық бақылау күшейтіліп, Австрияның Тироль федералды штатынан кіруге тыйым салынды.