Әлемде мүгедектігі бар 1 миллиардқа жуық адамның ішінде COVID-19 коронавирусынан қайтыс болғандар саны жоғары болуда, пандемия салдарынан олардың құқықтарын қамтамасыз ету де нашарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«COVID-19 індетіне байланысты дағдарыс қоғамның барлық салаларына кері әсерін тигізді. Бүгін мен пандемияның әлемде мүгедектігі бар 1 миллиард адамға қалай әсер еткеніне тоқтап өтемін. Жарымжан адамдар – вирустан болған өлім оқиғалары саны жағынан бірінші орында», - деп жазды ол өзінің Twitter -дегі аккаунтында.
БҰҰ Бас хатшысы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарының қорғалуын, әсіресе медициналық көмекке қолжетімділігін кепілдендіру қажеттілігі туралы сөз қозғап, пандемияға қарсы күрес аясында билікті бұл адамдарға ерекше назар аударуға шақырды.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 11 наурыз күні COVID-19 жаңа коронавирус инфекциясының таралуын пандемия деп жариялады. ДДСҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, әлемде вирус жұқтырудың 3,5 миллионнан астам оқиғасы тіркелген, 243 мыңнан астам адам қайтыс болды.