Әлеуметтік желіде тараған бейнероликтер көрермен көзайымына айналуда
Алматыда карантин басталып, елдің жүріп-тұруы бәсеңдегелі көптің көңілі түсіңкі. Әлемді алаңдатқан ауру үзілсін деп тазалық сақтап, ережеге бағынған ел тіпті, үйден шығуды мүлдем тыйған сыңайлы. Қала көшелерінде сырласып, шалқып басып бара жатқан құрбылар жоқтың қасы. Дегенмен, сыртқа шықпаған жұрттың түгелдей түнеріп кетті деуге болмайды, әрине. Республика сарайын жалға алмай-ақ, өз балконында жеке кешін өткізген тұрғынның әрекеті әлеуметтік желіні позитивке айналдырып жіберді.
Балконда өткен тағы бір «мини-концерт» бірнеше күн бұрын Нұр-Сұлтанда түсірілген. Ер адамның әуелете салған әні қараңғыда қалғып отырған елдің ұйқысын шайдай ашқан еді. Жағымды әуен мен үйлесімді акустиканы жүздеген адам тыңдаса, ғаламтор пайдаланушылары тек жағымды пікір қалдырған.
Ла-Скалада шырқалмаса да, Италия үйлерінің бірінде сайраған қазақстандық опера әншісі – жерлесіміз, алматылық Анастасия Кожухарова. Ол «Аве Марияны» орындап, еуропалықтардың көңілін бір көтеріп серпілтіп тастады. Отандасымыз Венадағы «Малера» филармониялық қоғамы мен Абай атындағы опера және балет театрының солисі. Ол осылайша өзінің туған күнімен құттықтаушыларға алғысын әнмен айтқан.
Сондай-ақ, елордалық азамат та түркілер тойы – Ұлыстың Ұлы күнінде өз өнерін көрсеткен. Ұлттық нақышта киініп, домбырамен ән салған оның видеосын үш мыңға жуық адам көрген.
Балкондағы концертпен қатар, үйде отырған әлемдік танымал жұлдыздардың бейнежолдауы да көрермендер көзайымына айналуда. Бұлардың қатарында белгілі футболшылар Месси мен Рамостан басқа да үздіктер бар. Олар осы челлендж арқылы үйде босқа отыруға болмайтынын дәретхана қағазын доп қылып ойнау арқылы насихаттаған.
Біз әлеуметтік желідегі танымалдылыққа ие болған бейнероликтерді көрсетуді жалғастыратын боламыз. Әзірге шабыты шалқып, көптің көңілін көтергісі келген әнші мен әртістердің орны сахна емес, балкон ғана болып тұр. Ал өнерпаздар өнерін кең сарайда көргіңіз келсе, індет үзілсін деп тілеңіз. Ол үшін ережеге бағынып, тазалық сақтаңыз. Әлем күрескен коронавирусқа сіз осылай үлес қоса аласыз.