Ел арасында дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады
Президент тапсырмасы бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйесін және зертханаға арналған жабдықтарды алуға қаражат бөлінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған үндеуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, президент өз сөзінде ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым салынатындығын және жалған ақпарат таратып, ел арасында дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылатынын жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін елде төтенше жағдай режимі күшіне енгендігінен бастады және Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылғандығын, оны Премьер-министр басқаратындығын айтты. Осы шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған өте маңызды қадамдар екенін хабарлады. Сондай-ақ, бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екеніндігі де айтылды
«Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Сондай-ақ, үндеуде Елбасының сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда 90 миллиард АҚШ доллары көлемінде резервтік қор бар екені мәлім болды. Бұл қаражат, елдегі азық-түлік қорын жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президент күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейтіндігін және ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым салынатындығын хабарлады.
«Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Мемлекет басшысы бұл күндері медицина қызметкерлеріне айтарлықтай ауыртпалық түсетіндігін және көп нәрсе олардың тәжірибесіне байланысты екендігін жеткізді. Ел өміріндегі күрделі кезеңді ақ халаттылар абыроймен еңсеріп, отандастарымыздың денсаулығы үшін барын салатынына сенімді екенін айтты. Сондай-ақ, коронавирустың әлемдік экономикаға да жағымсыз әсер етіп жатқанын мәлімдеді. Осы тұста ел бюджеті барынша оң әсер ететін бағыттарға қайта бағытталады деді мемлекет басшысы.
«Отандық кәсіпкерлерді қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға кемінде 300 миллиард теңге бөлінеді. Бизнесті несиелеудің төмендеуіне жол бермеуіміз керек. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаржыландыру ұлғайтылады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Сондай-ақ, ел президенті Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілгендігін мәлімдеді.
Арнат Дүйсен, Нұрбол Сазабеков
«Алматы» телеарнасы