Екпе алуда қоғамның белді азаматтары да белсенділік танытып жатыр. Еліміздің зиялы қауым өкілдері вакцинаның індетпен күрес жолындағы маңызын айтып, қала жұртын екпе алуға шақырады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, вакцина коронавирусқа қарсы ең тиімді әрі жалғыз тәсіл, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін қалалық №17 қалалық емханада бір топ қоғамдық кеңес мүшесі және мәслихат депутаттары ұжымдық иммунитетті нығайтуға атсалысып, вакцина алды. Осылайша өзгелерге үлгі көрсеткіміз келді дейді олар.
«Баяғыда да туберкулез сияқты қаншама індет болды. Соның бәрінен вакцинаның арқасында шықты. Бұл кезде де қазір коронавирусқа тек вакцина керек. Себебі біз миллионды қалада тұрамыз», – деді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков.
«Осы кезеңде біз мына індеттің қаншалықты қиын ауру екенін түсіндік деп ойлаймын. Бәлкім, оның жалғыз шешімі вакцина шығар. Бүгін мен де екпе жасатуға келдім. Себебі мұны қоғам алдындағы азаматтық борышым деп санаймын. Екіншіден, өз отбасым, жақындарым мен достарымның алдындағы жауапкершілігім», – деді қалалық мәслихат депутаты Алтынай Көбеева.
Сондай-ақ, ғалымдар мен медицина мамандарының да көпшілігі инфекцияға қарсы екпе алуға ниет білдіруде. Мәселен, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Құлжанов жақындарының бәрі дерлік вакцина салдырғанын айтады.
«Дәрі жоқ. Әлі ойлап табылмаған. Қазір осы иммунизациядан басқа ештеңе жоқ. Өзімізді сақтап қалғымыз келсе, жанымыздағы отбасы мүшелерін сақтап қалғыңыз келсе, елді ойласаңыз вакцинациядан өту керек», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Құлжанов.
«Қазір мен әр азамат вакцина алу керек екеніне сенімдімін. Бұдан басқа жол жоқ деп есептеймін. Себебі пандемиядан шығу үшін республика азаматтарының барлығы екпе алуы қажет. Осылайша біз пандемияны артта қалдырып, тезірек бейқам өмірге қайта ораламыз», – деді медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Қасымжанова.
Қоғам белсенділерімен қатар екпе алып жатқандардың қатарында өнер адамдары да бар.
«Вакцина алғалы ешқандай ештеңе болған жоқ. Дененің қызуы көтерілуі де болған жоқ. Ешқандай бас айналуы да болған жоқ. Өзім, мысалы, өте жақсы қабылдадым. Мен енді тек қана басымызды біріктіріп, бүкіл ел жасаса біз осы бәле-жаладан сақ боламыз деп ойлаймын», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақтияр Тайлақбаев.
Қазір қалада 200-ден аса екпе салатын орындар жұмыс істейді. Кейбірі тіпті мұражайларда ашылып жатыр.
Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы