Қазақстанда стационарда коронавирусты емдеу хаттамасы кеңейтілді
Қазақстанда коронавирусқа қарсы ФавиПиРавир препаратын өндіру жоспарлануда. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді6 деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, бұл препарат көрші елдерде және Жапонияда өте белсенді қолданылады. Бірақ ол тек COVID-19 ауруының ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге ғана арналған. Бұдан бөлек, еліміздің бас дәрігері шетелдік мамандармен бірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны апробациялау бойынша клиникалық зерттеу аяқталуға жақын екенін айтты.
«Біз емдеу схемасын стационарлық буын деңгейінде кеңейттік. Клиникалық хаттамаға көрші елдер мен Жапонияда өте белсенді қолданылатын жаңа препарат қосылды. Ол жақын арада пациенттерді стационарлық емдеу үшін жеткізіледі. Ол тек КВИ ауруының ауыр түрлеріне ғана қолданылады. Сондай-ақ, жақын арада біз отандық өндірісті өзімізде іске қосып, аталған дәріге қатысты қажеттілікті қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ал, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі таңда Қазақстан ауруханалары коронавирус инфекциясын емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенін жеткізді. Вице-премьердің сөзінше, дәрі-дәрмек нарығын ақша жасаудың көзіне айналдырғандар қатаң жазаланатын болады. Әсіресе, дәрі-дәрмекке сұраныстың артуын ескере отырып, пайда тауып қалуды көздейтін азаматтарға бір нәрсені білген абзал. Бұл мәселе Президенттің тікелей қарауында.
«Қазіргі уақытта бірқатар себепке байланысты дәріханаларда дәрі тапшылығы шынымен байқалып отыр. Біріншіден, адамдар дәрі-дәрмекті жаппай сатып алуынан халық тарапынан сұраныс жоғары болып тұр. Кей азаматтарымыз ондап, тіпті одан да көп орама парацетамол мен өзге де дәрілерді бірден сатып алады. Екіншіден, бәсекелестік бар. Яғни, алыпсатарлар дәрі-дәрмекті көтерме сатып алған. Осыған байланысты құқық қорғау органдарына дәрі-дәрмек препараттарының шекті бағасының өсуіне жол бермеу жөнінде тапсырма берілді. Анықталған барлық фактілер бойынша заңнамамен бекітілген тәртіппен жауапкершіліке тарту шаралары қабылданады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.