Батыс Қазақстан облысында мас күйінде көлік айдаған әйел жазадан құтылу үшін жалған анықтама жасатқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бөрлі аудандық полиция бөлімі Р. деген әйелге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы 6-бөлігіне (алкогольдік масаң күйде көлік құралын жүргізу) сәйкес хаттама толтырған.
Қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында әйел Бөрлі аудандық орталық ауруханасында фельдшер болып жұмыс істейтін Б. деген досынан өзінің жүктілігі туралы жалған анықтама беруін сұраған. Өтінішті жерде қалдырмаған фельдшер жалған анықтама беріп, ол кейін сотқа ұсынылған.
«Аталған деректер бойынша Бөрлі ауданы прокуратурасы тексеру жүргізіп, соның қорытындысы бойынша жалған анықтаманы дайындаған фельдшерге қатысты ҚР ҚК 385-бабы 1-бөлігіне, ал құқық бұзушы әйелге қатысты 385-бабы 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғады. Бөрлі аудандық сотының үкімімен Р. жалған құжатты пайдаланғаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге сотталды. Оған қоса әйел Бөрлі аудандық сотының қаулысымен Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы 6-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 тәулік көлемінде әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Ал фельдшерге жалған құжат жасағаны үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл кесілді»,- деп хабарлады ведомстводан.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жаңа мереке атап өтіліп жатыр