Шымкент полициясы жалдамалы пәтерде екі қыздың қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық істердің жай-жапсарын жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін бір апта ішінде Шымкентте тәуліктік пәтерлерден 23 жастағы екі қыздың мәйіті табылғаны хабарланған болатын.
Шымкент полициясының бастығы Ералы Жұмаханбетов бір факті бойынша күдікті ұсталғанын, екінші жағдайда жазатайым оқиға болғанын айтты, деп хабарлады жергілікті Otyrar басылымы.
"Қазір тергеу жүріп жатыр, кінәлілер жазаланады. Бір іс бойынша күдікті қамауға алынды. Ал екінші іске келсек, жазатайым оқиға болған", - деді қала полициясының басшысы.
Қыздардың бірінің денесін 25 қарашада Республика даңғылындағы тәуліктік тұрғын үйдің иесі тапқан. Іс бойынша 31 жастағы әйел күдікке ілінді.
"Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды, тергеу жалғасып жатыр", - деді Ералы Жұмаханбетов.
Екінші қыздың денесін тәртіп сақшылары 30 қараша күні Тыныбаев көшесіндегі жалдамалы пәтерден тапты.
"Екінші іс бойынша күдікті жоқ, есік құлыптаулы болған, пәтерден мәйіт табылды. Барлық терезе жабық тұрған", - деді Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы.
Қала тұрғындары тәулікке және сағатқа жалға берілетін баспаналардың проблемасын көптен бері көтеріп келеді. Пәтер иелері салық органдарына есеп бермейтіндіктен, қаладағы жалдамалы пәтерлердің нақты саны туралы мәлімет жоқ.
Еске сала кетейік, осы жылдың 25 ақпанында Шымкенттегі сегізінші шағынаудандағы пәтерлердің бірінен 40 жастағы әйелдің мәйіті табылған болатын. Оны тұншықтырып өлтірген.