Тоққа түсіп, көз жұмды: екі жастағы бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық тергеу басталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Электр маманы ескірген сым үзіліп, үйдің ауласына құлағанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысына қарасты Шырғанақ ауылында тоққа түсіп, қайтыс болған 2 жастағы бүлдіршіннің өліміне қатысты қылмыстық тергеу басталды. Баланың мезгілсіз қазасына кінәлі компания техникалық қауіпсіздік ережесінің сақталмағанын мойындады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Екі жастағы ұлынан қапыда айырылып қалған отбасы қайғыдан қан жұтып отыр. Үйдің ауласында ойнап жүріп, абайсызда тоққа түскен баланың денесін жақындары жер қойнына тапсырды. Ажал құшқан бүлдіршіннің анасы қайғылы жағдай болған кезде жұмыста болған. 

– Жүрегім ауырып, жан-дүнием өртеніп жатыр. Кенже болған соң, Аликошты еркелетіп, ерекше жақсы көретінмін. Жұмыстан тәтті әкеліп беретінмін, – деді марқұм баланың анасы Фарида Дәулетбақова.

– Балалар далаға шығып кетіп, тоқты ұстап алған. Әпкеме үй алып берсін, – деді марқұм баланың әпкесі Салтанат Дәулетбақова.

«Жұмысын істеп жүріп, ойын баласын байқамадым» деген электр маманы жағдайдың аяқасты болғанын айтты. Оның сөзінше, ескірген сым үзіліп, үйдің ауласына құлаған.

– Электр сымын шештім, ол бірден жерге құлады. Бағанадан түсіп, жинап алғанша, қайғылы жағдай болды. Бала көз жұмды, бәріміз кінәліміз, – деді электр сымдарын жөндеуші Бейсен Ахметов.

Жауапты компания қазаға қатысы тексеріс басталғанын мәлім етті. Олар техникалық қауіпсіздіктің сақталмағанын жасырмады.

– Мекеме қара жамылған отбасына барлық тиісті көмекті көрсетеді. Іске қатысты адамдар жазаланады. Олар нарядсыз жұмыс істеген, – деді «Қазақтелеком» АҚ техникалық бөлімінің басшысы Самат Туғанбаев.

– Кеген ауданының полиция қызметкерлері абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жұмысты орындау немесе қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді бастады. Сараптамалық тексеру тағайындалып, қажетті тергеу әрекеті жүргізілуде, – деді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.

Бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Жауапты компания шығын толық өтелетінін айтты.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тіліпберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Уақыт белдеуі: ДСМ ұстанымы қандай

Новости партнеров