Қазақстандық және украиндық киберполицейлер алаяқтардың Call-орталығын жойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Арнайы операция кезінде интернет-алаяқтықпен айналысатын трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталған. Олар ел азаматтарына хабарласып, өздерін банк және құқық қорғау қызметінің өкілі деп таныстырып онлайн-несие алдырған. Мұнымен қоса, клиенттерден транзакцияларды тоқтатамыз деген желеумен олардың қаржылық ақпараттарына қол жеткізген. ІІМ өкілінің ақпарынша, қылмыскерлер банктік шоттармен оффшорлық шоттарды және криптовалюта әмияндарын пайдаланған. Артынша түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Бұл ретте Украина тарапы күдіктілердің Днепропетровск облысындағы 13 тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізді. Жедел-іздестіру шарасы барысында 45 дана компьютерлік техника, 24 ұялы телефон, sim-карта және басқа да заттай айғақ тәркіленді. Тәркіленген компьютерлерде қоңырау шалу кезінде абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған бағдарламалық жасақтама бар екені анықталды», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.