Полицейлер 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген шетелдікті ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, 20 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді анықтады. Тәртіп сақшылары Жетісай ауданының аумағында қабылданған шаралардың нәтижесінде, ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген Өзбекстан азаматын анықтап, ұстады.
Ер адам 2002 жылы көрші мемлекетте адам өлтіргені үшін халықаралық іздеуде екені белгілі болды. Нәтижесінде 20 жылдан кейін аталмыш халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді Түркістан облысы ПД полицейлері ұстады.
Тәртіп сақшылары ұсталған шетелдіктің жеке басын анықтау және қажетті құжаттарды жинақтау мақсатында аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ер адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.