Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы табылды

02.07.2022 01:01

Ақжолтай ақпар ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келді

Almaty.tv

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының домбырасы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлт ұстазының 150 жылдығында көпті қуантқан жаңалықты ахметтанушы ғалымдар сүйіншілей хабарлап отыр. Оның үстіне бұл ақжолтай ақпардың ұлттық домбыра күнімен тұспа-тұс келгені тағы бар.

Байтұрсынұлынан жеткен бағалы мұралардың қатары көп емес. Ағартушы атында мұражай-үй болғанымен, ондағы тек санаулы экспонаттың Ахмет дәуірінен жеткені көпке мәлім. Әуелі ахметтанушыларды, кейіннен күллі қазақты қуантқан қара домбыра бұған дейін қолдан қолға өтіп, сақталып келіпті. Ендігіде Ахаңның өзі ұстап, көзі көрді деген азын - аулақ мұраның қатары оның қолы тиген домбырасымен толықпақ.

«Ахметтің туыстары сол домбыраны да сақтауға қорыққан ғой негізі. Сөйтіп бір қолдан екінші қолға өтіп кеткен. Негізі жиенінде болған, Ахметтің қарындасы Зейләштан туған Бәкібай ағай Бейісовтер отбасы күні кешеге дейін сақтап келген де, кейін 1956 жылы қайтадан бұл кісілердің соңына түсе бастаған кезде өздерінен туған жиеншарға беріп жіберген екен. Қайта қалпына келтіргеннен кейін мына 150 жылдықтағы үлкен бір тосын әрі тарту сыйымыз сол Ахметтің қолы тиген домбыра болады», – деді ахметтанушы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет.

Құнды жәдігер Ахаң өмірден өткен 85 жылда әр адамның аманат етіп тапсыруымен бүгінге жетіп отыр. Әзірге домбыраға қатысты толық ақпар жоқ. Бет қақпағы бүлініп, құлақ, ішегі жоғалған екен.  Мұра мамандар қолынан өтіп, қайта қалпына келтіріледі. Содан соң көптің назарына ұсынылмақ.

Ағартушы - ғалымның қазақ ән-күйін бүгінге жеткізуге де үлес қосқаны белгілі. Затаевич жинақтаған «Қазақтың 1000 әнінде» Байтұрсынұлынан жазып алған 25 ән мен 2 күй бар. Оның көпшілігіне жеке түсініктеме де берілген. Мұның ішінде Ахмет арнайы жазғызды деген «Қара көз» әні жайында Затаевич: «Байтұрсынов өңдеген нұсқа халық арасында кең танымал» дейді.

Композитор, этнограф Александр Затаевич:

«Менің мына еңбегімді ол үнемі назарына алып, Торғай, Қостанай, Ақтөбе, Бөкей ордасы және Қарқаралы өңірлеріне тән өзі білетін, қойын кітапшасына түртіп алған әндердің жазбаларын беріп, тіпті, тамаша екі күйді өзі домбырада шертіп берді. Қазақ тарихы, тұрмысы мен этнографиясының терең білгірі ретінде мен жинаған мол материалды жүйелеуге бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның бұл елеулі еңбегіне аса тәнтімін, айтар алғысым шексіз».

Ахмет Байтұрсынұлының домбырадан бөлек, скрипка мен фортепианода ойнағаны белгілі. Ал күйтану саласына бойлап «Қазақ» газетінің бірнеше санына аймақтық күй тартудың ерекшелігі мен құрылымдық өзгешелігі турасында жазғаны тағы бар. Қалай болғанда да мұның бәрі – елі ағартушы деп танитын Ахаңның бір бойында бекзадалық пен білімділіктің қатар ұштасқанына даусыз дәлел емес пе?!

Мадина Оқас, Дидар Исаев, «Алматы» телеарнасы