23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күні. Атаулы датаға орай Ұлттық кітапханада «Кітап шоу-2022» шарасы ұйымдастырылды. Одан бөлек жас қаламгерлердің туындылары көрмеге қойылды. Айта кету керек, шара «Балалар жылы» аясында арнайы өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін – кітапсүйер көпшілік үшін ерекше күн. Себебі, Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күнін әлемнің 100-ден астам елі атап өтеді. Мақсаты – жазушылар мен ақындарға құрмет көрсету және жас жеткіншектерді кітап оқуға баулу.
«Мереке барысында бірнеше іс-шара циклі өтеді. Мәселен, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған әдеби кеш. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының кейіпкерлері туралы байқаудың қорытындысы жарияланады», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының бөлім жетекшісі Анаргүл Рахимова.
Ілияс Юсуф – жастайынан кітапқа құмар болып өсті. Қазір өзі де кітап жазады. Таңдаған бағыты - замануи әдебиет саласы. Шығармалары Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерде де аса танымал. Бүгін ол мерекеге орай жарыққа шыққан туындыларынан көрме ұйымдастырды.
«Бүгінгі шарада мен өзімнің 4 кітабымды таныстырамын. Оның бірі «Жизнь моими глазами» деп аталады. Бұл – өзім үшін ерекше шығарма. Себебі кітапты жазуға көп уақыт жұмсадым. Менен бөлек түрлі бағыттағы жанрда қалам тербеп жүрген жас жазушылар да өз кітаптарын көрмеге қойды», – деді жазушы Ілияс Юсуф.
Қазір жастар арасында кітапқа деген қызғушылықтың төмен екені жасырын емес. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін төртбұрышты телефонға телмірген заманда мұндай шараларды өткізу аса маңызды дейді ұйымдастырушылар. Мереке қарсаңында Ұлттық кітапхананың 9 залында оқырмандар үшін түрлі бағытта шаралар өтті. Айта кеткен жөн, жиын ертең де мегаполистің барлық кітапханаларында жалғасады.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы