Жас суретшілер кескіндемешінің жұмыстарымен танысты
19 қаңтарда Алматыдағы №29 балалар кітапханасында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, әйгілі кескіндемешісі, график-суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына арналған кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Өскелең ұрпаққа өмірі өнегі болған тұлғаның жұмыстары мектеп оқушыларына кеңінен таныстырылды. Оның қылқаламынан шыққан бірегей шығармаларға талдау жасалып, түстердің үйлесімділігіне ерекше назар аударылды. Жас суретшілер сан түрлі тақырыптарға саяхаттаған кескіндемешінің жұмыстарымен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша кеш мақсаты - өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру.
Қастеевті еске алу іс-шарасына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, заманауи суретші Алпысбай Нағметұлы Қазғулов пен Әбілхан Қастеевтің қызы, суретші Гүлназия Қастеева шақырылды.
Оқи отырыңыз: Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге таныту үшін сапалы аударма қажет – Дулат Исабеков