Су жаңа қойылымдар сахналанатын 4 күнде жалпы 5 спектакль көрерменге жол тартпақ
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Премьералар апталығы» басталды. Су жаңа қойылымдар сахналанатын 4 күнде жалпы 5 спектакль көрерменге жол тартпақ. Мәдени іс-шараның аясында сахна өнерінің қазіргі өзекті мәселелерін арқау ететін дөңгелек үстелдер, семинарлар мен лекциялар да ұйымдастырылады деп жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәдени астанада орналасқан Әкемтеатр жаңа қойылымның тұсауы кеспес бұрын, БАҚ өкілдерін логотиппен таныстырып, жоспарларын бөлісті. Ал Ақбала тағдыры арқау болған қойылымда негізінен адамзаттық құндылықтар көзделіпті.
«Біздің трактовкамызда бұл махаббат үштігіне, адамның ішкі құндылығына, адамның, жалпы қоғамның адам өміріне деген қарым-қатынасына құрылған. Соған байланысты осы спектаклімізді қойып отырмыз», - деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының режиссері Әридаш Оспанбаева.
Жалпы «Қан мен тер. Ақбала» спектаклі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармасын негізге алған. Әрі бұл қойылым 1974 жылы Әзірбайжан Мәмбетов сахналаған спектакльдің ремейкі екенін де айта кету керек.
«Бұл спектакльден рөл бұйыруы – актер ретінде зор бақыт. Өйткені мен ойнаған Еламан рөлін дәл осы Әуезов театрының сахнасында бірнеше жыл бұрын Асанәлі ағамыз ойнаған. Қазір ол ағамыз ардагер, сахнадан көріп отырады. Ал сахнаға шығып, сол кісі кезінде жарқыраған рөлді сомдау – мен үшін үлкен сын, үлкен мәртебе, үлкен қуаныш. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы», - дейді актер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды.
«Қазақ келіншегінің, қазақ қызының рөлі. Бір қызығы, мен бұл театрда қанша рөл сомдасам, соның барлығы көбіне шетелдік шығармалар болып келеді. Ал бұл мен сомдаған үшінші қазақ қызының образы. Таңертең премъераның алдында тетарға келе жатып, жол-жөнекей бір жылап алдым. Себебі, бүгін қанша уақыт бойы дайындалған рөліміз көрерменге тәй-тәй басып аттанады. Сондықтан бойымда ерекше қобалжу бар», - деді актриса, «Құрмет» орденінің иегері Назгүл Қарабалина.
Айта кетсек, Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театры бүгіннен бастап 4 күн қатарынан 5 жаңа қойылымды сахналайды.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы