Алматылық аритмолог кеңес берді
Алматы Қалалық кардиологиялық орталығының аритмологы Жалолхон Тұрсынханов аритмияның пайда болу себебі, белгілері және емдеу әдістері туралы айтып берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, жүрек аритмиясы - жүрек соғу жиілігінің бұзылуы, онда жүрек тым тез, баяу немесе тұрақсыз түрде соғады.
Бұл жағдай уақытша немесе созылмалы болуы мүмкін. Оған дұрыс назар аударылмаса, бұл ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Жүрек аритмиясының себебі әр түрлі болуы мүмкін. Оған жүректегі импульстардың бұзылуы, жүрек бұлшықетінің зақымдануы, электролиттік баланстың бұзылуы, стресс, кофеинді немесе алкогольді шамадан тыс тұтыну және кейбір тұқым қуалайтын факторлар жатады. Егде жастағы адамдарда жүрек құрылымының өзгеруіне байланысты жүрек аритмиясының даму қаупі де жоғары.
- Жүрек аритмиясының белгілері аритмия түріне байланысты әр түрлі болуы мүмкін. Оларға жүректің тоқтап қалу сезімі, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы немесе баяулауы, бас айналу, әлсіздік, шаршау, ентігу, кеуде ауыруы кіруі мүмкін. Кейбір жағдайда аритмия асимптоматикалық болуы мүмкін және тек ЭКГ кезінде анықталуы мүмкін, - дейді сарапшы.
Жүрек аритмиясын емдеу аритмияның түріне және себебіне байланысты. Кейбір жағдайда тек өмір салтын бақылау және түзету қажет болуы мүмкін (стрестен аулақ болу, физикалық белсенділік, дұрыс тамақтану). Басқа жағдайда жүрек ырғағын бақылау үшін дәрі-дәрмек не аритмияны тудыратын тіндерді жою әдісі - абляция процедуралары қолданылуы мүмкін. Кейбір жағдайлда кардиостимуляторды немесе дефибрилляторды импланттаттау қажет болуы мүмкін.
- Жүрек аритмиясын өздігінен диагностикалау және емдеу қауіпті болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Егер аритмияға күдік туындаса, диагноз қою және тиісті ем тағайындау үшін білікті кардиологқа көріну керек. Медициналық көмекке уақтылы жүгіну ықтимал асқынулардың алдын алуға және жүрек денсаулығын сақтауға көмектеседі, - деп қорытындылады Жалолхон Тұрсынханов.
Оқи отырыңыз: Алматыда медбикелерді мамандандыру бағдарламасы сәтті аяқталды