ҚР Денсаулық сақтау министрлігі емханаларды кезектен тыс тексеретін заң жобасын қарастыруда

фото из открытых источников
фото из открытых источников
Қазақстанда бүгінде жалпы 4000 медициналық ұйым бар, соның 1500-і – жекеменшік
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық жеке емханалардың дәрі-дәрмек шығаратын компаниялармен ым-жымы бір. Дәрігерлер емделушілерді жеке фирмалардан қымбат препараттарды сатып алуға әдейі мәжбүрлейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Тұтыншылар ұлттық лига» өкілдері медициналық қызмет көрсету саласында осындай былықтың барын айтады. Лига өкілдерінің айтуынша, бүгінге дейін жүздеген адамнан шағым түскен. Тіпті, олардың арасында дұрыс емделмеген соң дертінің асқынып кеткенін айтқандар да бар. Ал Денсаулық сақтау министрлігінде кезектен тыс тексеру жөнін пысықтайтын заң жобасын тағайындауда.

Былтыр 12 мың отандасымыз жеке емханадағы дәрігерлер салғырттығына наразылық білдірген. Азаматтардың көбіне дұрыс қойылмаған диагнозға және дәрігерлердің науқасқа жаны ашымай, бағасы удай дәрілерді жазып берілетініне көңілі толмаған. Кейбірі емделу үшін тіпті миллиондаған несие де алғанын айтады.

«Дәрігер мен жеке компания емделуші келгенде бағасы ең жоғары дәріні алдыруға өзара келіседі. Бір-бірімен әбден сыбайласып алған. Былтыр 12 мың осындай жағдай расталған болатын. Біз ұзын-сонар істің соңына түсіп, министрлікке жүгініп, мәселенің басы қайдан шыққанын анықтағанда, таяқтың бір ұшы жеке ауруханаларға алып барды», – дейді ҚР «Тұтынушылар ұлттық лигасы» ұйымының басқарма төрайымы Светлана РОМАНОВСКАЯ.

Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінде отандық медициналық орталықтар жұмысында олқылық бар екенін мойындайды. 2018 жылы жеке емхана ашқандарға қатысты мыңдаған азаматтан шағым келіп түскен. Емделуші мамандар жұмысына, құрылғылар мен қызмет сапасына уәж білдірген. Бұл әрине өз кезегінде адамның өміріне қауіп төндірерлік жағдай. Себебі соның салдарынан қаншама емханалар жабылып, лицензиялар кері қайтарылған.  

«Шағымымыздың негізгі бөлігі сапа деп жалпылама айтылғаннан кейін, сапаның ішіне бәрі кіреді. Ол - дәрігерлердің этика сақтамауы, медициналық көмектен кейін дерті асқынуы, анализдің дұрыс алмауы немесе ем шараның қолданбауы», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитет төрағасының міндетін атқарушы Дархан ТҰРЛЫБЕКОВ.

Жалғыз басты ана Гүлжиян Әлібекова белгілі бір жеке клиника өкілдерін жазалауды екі жыл бойы сұрап келеді. Өйткені келіншек орталыққа барғанда оған дәрігерлер «бала сүйе алмайсын» деген «үкім» шығарған. Бірақ уақыт өте ол ұлды болған. Келесі бір жолы тағы бір жеке емханаға қаралғанда, дәрігерлер оның баласына қант диабеті диагнозын қойып, инсулинге «отырғызған».        

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының протоколында менің балам сап-сау деп жазылған. Екпеден кейін ұлымның денсаулығы күрт нашарлады. Инсулиннің ағза жұмысын бұзатыны белгілі ғой. Міне біздің дәрігерлердің білімсіздігінің кесірі», – дейді Гүлжиян ӘЛІБЕКОВА.

Қазақстанда бүгінгі күні 4000 медициналық ұйым бар. Оның 1500-і жекеменшік.  Сондықтан оларды мезгілсіз тексеріп, жұмыстарын бақылай алмаймыз, дейді министрлік өкілдері. Бизнесті тексеру мораторийына қарамастан, бұл сұрақ көп ұзамай шешімін таппақ.  

«Жеке бизнесті қолдау бұйрығының негізінде көптеген заңдарға соңғы жылдары біршама өзгерістер енгізілді. Кәсіпкер кодексіне байланысты біз жеке емханаларға тікелей кіріп, тексеруге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ азаматтардан шағым түссе, біз соның негізінде тексере аламыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Айла іздеген дәрігердің қақпанына түспес үшін алдымен әр азамат орталықпен келісімге отырғаны жөн. Ауыр дерт, ота немесе қымбат дәрі керек болатын болса, бұның барлығы келісімде жеке-жеке көрсетілуі керек. Егер де бұл құжатта егжей-тегжейлі жазылмаса, маманның не орталықтың кінәсін дәлелдеу мүмкін емес дейді мамандар.

Новости партнеров