Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің дәрігерлері Түркия Республикасының Газиантеп қаласында медициналық көмек көрсету пунктін ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
ТЖМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жойқын жер сілкінісінен кейін іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу үшін Түркияға жіберілген Қазақстан құтқарушыларының құрамында Апаттар медицинасы орталығының мамандары бар.
Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін пневмокаркасты модуль орнатты. Ол – тұрғындарға білікті көмек көрсетуге арналған далалық медициналық пункт. Қабылдауды апаттар медицинасының білікті дәрігерлері жүргізуде.
«Газиантеп қаласының тұрғындарын тәулік бойы қабылдау барысында Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері – жиырмаға жуық науқасқа, олардың ішінде екі балаға консультациялық және білікті медициналық көмек көрсетті. Адамдар осы пунктке көбінесе жылынуға, туыстары мен жақындарын құтқарушылар тауып алғанша күтуге келеді. Өйткені көпшілігі баспанасыз қалды. ТЖМ пневмокаркас модульдерін өткен жылы сатып алғанын атап өткен жөн. Аталған далалық медициналық госпиталь ірі зілзалалар мен апаттар туындаған кезде орналастыруға арналған. Мұндай мобильді аурухана толық орналастырылған кезде күніне 200-ге жуық зардап шеккен адамды қабылдай алады. Өз өмірін қауіп-қатерге тігіп Түркиядағы зілзала орнында ауыр жағдайда қызмет атқарып жатқан құтқарушылардың да денсаулығын сақтау ТЖМ медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні Түркиядағы ТЖМ жеке құрамының денсаулығы жақсы, олар психологиялық тұрғыдан сау», – делінген министрлік мәліметінде.
Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы кешке кешқұрым жетті.
Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Оның бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.
Хатайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат Құрмашевтің денесі де қиранды астынан табылды.
6 ақпанда Түркияда болған жойқын зілзаладан қаза болғандар саны соңғы мәліметке сәйкес, 20,2 мыңнан асты, тағы 80 мыңнан астам адам зардап шекті.
ҚР ТЖМ бүгін мәлім еткендей, қазақстандық құтқарушылар бүгінге дейін үйінділер астынан 26 адамды алып шықты, олардың жетеуі – аман.