Алматыда мейіргерлер мәселесіне арналған семинар өтті

Алматыда мейіргерлер мәселесіне арналған семинар өтті
Мақсаты – МСАК жаттықтырушыларының жұмыс орындарында каскадты әдіспен АББ тиімді енгізу дағдыларына үйрету
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында «Ауруларды басқару бағдарламасындағы МСАК мейіргерлерінің рөлі» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ағымдағы жылғы 21 қарашада «Ауруларды басқару бағдарламасындағы МСАК мейіргерлерінің рөлі» тақырыбында семинар өтті. Мақсаты – МСАК жаттықтырушыларының жұмыс орындарында каскадты әдіспен АББ тиімді енгізу дағдыларына үйрету үшін оқыту және даярлау болып табылады.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған осы семинар-сабаққа қатысу үшін оңтүстік астанаға еліміздің барлық өңірлерінен мейіргерлер келді.

Өңірлермен өзара әрекеттесу және жұмыс істеу департаментінің бас маманы Раушан Жарылқасынова созылмалы инфекциялық емес ауруларды  басқарудың бағдарламасы туралы айтып берді. Мұндағы күтілетін нәтиже: артериялық қан қысымы, қант диабеті, ҚЖА аурулары бар пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту, асқыну, жедел медициналық көмек және дәрігердің үйге шақырылу санын азайтуда бірлескен жауапкершілікті арттыру болып табылады.

Мейіргер ісі жөніндегі директор Инна Тараненко артериялық қан қысымын дұрыс өлшеудің әдістерін, өзін өзі бақылау күнделігін жүргізуге толық тоқталып өтті. Кардиолог, м.ғ.к. Жанар Ибакова артериялық гипертониясы бар пациенттерге арналған Денсаулық мектебінің қызметі туралы ақпарат берді. Кардиолог, м.ғ.к. Әсел Исабекова жүрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігі бар науқастарды, яғни негізгі себептері, симптомдары, жүрек қызметінің жетіспеушілігі кезіндегі ағзаның бейімделу процесін емдеудегі заманауи тәсілдермен таныстырды.

Жүрек ырғағы және өткізгіштігінің бұзылысы бөлімшесінің аға мейіргері Лариса Васман жүрек ырғағы және өткізгіштігінің бұзылысы кезінде имплантталатын қондырғылар және кардиостимулятормен қалай өмір сүруге болатындығы туралы, анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің аға мейіргері Гүлнар Исраилова жүрек аурулары бар науқастарды қарап тексеру кезінде 6 минуттық жүрістің рөлі туралы айтып берді.

Семинарға шақырылған дәріскер, медицина ғылымдарының докторы Шолпан Қаржаубаеваның өзін өзі басқару – пациентті денсаулық сақтау ісіне тарту туралы баяндамасы өте қызықты да мазмұнды болды.

Мейіргерлерге осындай сабақтарды тұрақты өткізіп отыру қажет, өйткені мейіргерлер қызметінің кеңеюі, дәрігерден біраз өкілеттіліктің берілуі бүгінгі таңдағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін мейіргерлердің рөлін мейлінше арттырды.

Новости партнеров