Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс негізінде тегін берілетін дәрі-дәрмек пен медицина құралдары қатаң бақыланатын болды. Денсаулық сақтау министрлігі, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мен «СҚ-Фармация» ЖШС бірлескен жобасы өткен жылдың соңында сынақтан өткізілген болатын, деп хабарлайды Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі.
Жобаны ісе асыру барысында 191 603 SMS-хабарлама жіберіліп, абоненттерден 8123 жауап келген. Медициналық сақтандыру қоры былтырдан бастап кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина құралдарына ақы төлеу тәртібін өзгерткен болатын. Жаңа тәртіп бойынша, дәрі қолма-қол және «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне дәрінің берілгені туралы белгі соғылған рецептілерге ғана ақы төленуі тиіс.
2019 жылы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін тегін-дәрі дәрмек алған еиделушілерге биылғы маусым айының соңына дейін SMS-хабарлама жолданады. Олардың саны 5,7 млн-ды құрайды.
Хабарламада рецепт нөмірі мен дәрінің берілген күні көрсетіледі. Егер емделуші дәріні алмаған болса, онда SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдай алады немесе «СҚ-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуына болады. Қоңырау шалу да, SMS жіберу де тегін.
Айта кету керек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 2018 жылдан бастап ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген медициналық көмек ақысын төлеп келеді. Ал, Міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.
Дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алатын «СҚ-Фармация» ЖШС мен МСҚ 2019 жылы 86,9 млрд теңгеге келісімшарт бекіткен. Наурыз айының соңына дейін елдегі медицина ұйымдары 14 млрд теңгеге рецепт жазып берсе, соның ішінде 13 млрд теңгенің дәрісі тиісті жеріне жеткен.