Қазақстанда пайдаланылатын екпелердің денсаулыққа еш зияны жоқ. Емдеу мекемелеріне түспей тұрып, дәрілік препараттардың барлығы бірнеше кезеңнен тұратын қатаң тексерістен өтеді дейді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері. Қазір елімізде екпе тапшылығы жоқ, қажетті дозаның қоры бар деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазіргі уақытта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізімінде Еуропа елдері, Жапония, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея және Израиль сияқты ірі өндірушілерден келетін 58 екпенің түрі тіркелген. Соның ішінде тек бір вакцина ғана отандық өндірістікі. Алайда, оны нарыққа шығарудың өзі күрделі жұмыс дейді мамандар.
«Дәрілік заттар, оның ішінде екпелердің сапасы Қазақстанда әлемдік стандарттар негзінде қатаң тексерістен өтеді. Сол себепті оны пайдалануда еш қорқудың қажеті жоқ. Қазір еліміз бір ғана екпені дайындайды. Ол өте күрделі инвестициялық-экономикалық процесс десем болады. Басқа мемлекеттердегі тәжірибелі фармкомпанияларда кезек көбейген. Ол сұраныстың жоғары екенінің дәлелі», - дейді ҚР ДСМ ДЗСҰО бас директорының міндетін атқарушы Арнұр НҰРТАЕВ.
Бүгін БАҚ өкілдерінің назарына еліміздің медициналық мекемелеріне түскенге дейін екпелерге жүргізілетін сынақ орталығының жұмысы таныстырылды. Тексеру жұмыстары үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы құжаттамалық тексеру – кедендік тексерістің дұрыстығы. Екіншісі – негізгі сараптама. Онда зауыттан шығарылғаннан бастап, қалай жеткізілгені, клиникалық нұүсқаулықтары зерттелсе, үшіншісі – аналитикалық сараптама.
«Сипаттамасы, көлемдік мөлшерлемесі, оның сәйкестігі, РН-көрсеткіші, тіпті олардың қаптамасы, сақтау мерзімі – соның барлығы осы зертханаларда тексерістен өтеді», - дейді ҚР ДСМ ДЗСҰО биологиялық зертханасының бас маман-үйлестірушісі Озипа ТУҒАНБАЕВА.
Соңғы кезеңде қажетті вакцина физико-химиялық, токсикологиялық, микробиологиялық және иммунобиологиялық сынақтардан өтеді. Бұл тексерістер отандық нарыққа сапасыз және қауіпті препараттарды кіргізбеу мақсатында жүргізіледі. Айта кетейік, иммунобиологиялық сараптама жануарларға жүргізіледі.
Өзге мемлекеттен жеткізілетін дәрілік заттардың барлығы сынақ орталығында бірден сыналмайды. Ол әлемдік фармакопея талаптарына сәйкес болуы керек.
«Өзге елден жеткізілетін дәрілік заттардың сапасы фармакопеялық деңгейден төмен болса, ол Қазақстан нарығына жіберілмейді. Сараптама орталығында екпелер болсын дәрілік препараттар фармакопеялық талаптарға сай болса ғана сынақтан өтеді», - дейді Қазақстан фармакопея орталығының директоры Ардақ ТӨЛЕГЕНОВА.
Соңғы уақытта екпелерге қатысты қоғамда түрлі пікір қалыптасуда. Бірі қарсы болып жатса, енді бірі мүлдем салдырып көрмеген. Сынақ орталығының мамандары вакцина салынбас бұрын дәрігер емделушіге толық тексеріс жасауы тиіс дегенді алға тартады. Созылмалы аурулары болса, алдымен соны емдеп, иммунитет қалыпқа келгеннен кейін ғана салу қажет екен.
Айта кетейік, өткен жылы елімізге 2 миллион доза вакцина жеткізілген.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы