Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев орталықтың жұмысымен танысты. «Асыл Мирас» аутизм орталығының жаңа ғимараты Қонаев көшесі, 122 мекенжайда орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Орталықтың аумағын ұлғайтудың арқасында жылына 300-ге жуық отбасы бейімдеу бағдарламаларымен қамтылады.
Б. Сағынтаев Болат Өтемұратов қорының қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге қосқан үлесін атап өтті. «Асыл Мирас» аутизм орталықтарының желісі аутизмі бар балалармен жүргізілетін түзету жұмыстарының эталоны бола отырып, өзінің тиімділігін дәлелдеді.
«Орталықтың жаңа ғимаратқа көшуі мекеме мамандарына көптеген балаларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Б. Сағынтаев.
«Асыл Мирас» Алматыда 2015 жылы Болат Өтемұратовтың қоры ашқан алғашқы аутизм орталығы болды. Өткен 7 жыл ішінде 2,8 мыңға жуық бала АСБ белгілері бойынша диагностикадан өтті. 1,5 мыңға жуық балаға білікті көмек көрсетілді.
Орталық интервенцияның алты бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, олардың әрқайсысы әлеуметтік, сөйлеу және тұрмыстық дағдылардың тапшылығын анықтауға және жоюға бағытталған.
Балаларға ынтымақтастық, сөйлеуді түсіну, визуалды қабілеттер мен өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін студиялық пәтердің кішірек нұсқасы болып табылатын өмірлік дағдыларды дамыту кабинеті жабдықталған.
Сондай-ақ ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін 30 орынды конференц-зал бар. Орталықтың барлық қызметтері тегін көрсетіледі.
«Алматы әкімдігіне орталықтың алғашқы күнінен бастап біздің бағдарламаны қолдағаны үшін алғысымды білдіремін. Қала әкімшілігі ұсынған жаңа ғимарат жыл сайын АСБ бар балаларды тәрбиелеп отырған 300-ге жуық отбасын бейімдеу бағдарламаларымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жерде біздің мамандарымыз АСБ диагностикалауға көмектеседі және балада кері өзгеріс анықталған жағдайда, оны жетіспейтін өмірлік дағдыларды дамыту жөніндегі тиісті бағдарламаға тіркейді», – деді Болат Өтемұратов қорының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, доктор Алмаз Шарман.