Сібір жарасы несімен қауіпті - маман кеңесі

22.09.2023 20:45

Дәрігерлердің айтуынша, жабайы сауда орындарынан алынған ет өнімдеріне күмән болса, оны қолданбаған жөн

aldaspaninfo.kz

Сібір жарасы қандай ауру? Қалай таралады? Алдын алу іс-шаралары қандай? Осы сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Аса қауіпті инфекциялар мен туберкулезді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Жайдар Отарбекова жауап береді.

– Жайдар Асқанқызы, сібір жарасы жайлы айтып берсеңіз. Ауру қалай жұғады, белгілері қандай?

– Сібір жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады. Ол – мал жануарларымен қатар адамға да жұғатын ауру. Ауру спора түзеді, сосын ұзақ жылдар топырақта сақталады. Оны үй жануарлары, ірі қара, ұсақ мал, түйе, шошқа таратуы мүмкін. Ал адам ауырған жағдайда дене қызуы көтеріледі, жүрегі айнып, құсады, бас ауруы белгілері болуы мүмкін. Сонымен қатар өкпе формасы асқынған жағдайда, өлімге әкелуі мүмкін. Үшінші түрі – асқазан, ішек жолдарының зақымдалуымен жүретін ішектік форма.

– Егер ауру белгілері байқалып, адамнан нақты осы дерт анықталса, қаншалықты қауіпті? Қалай инфекцияның алдын алуға болады?

– Аурудың қаупі оның клиникалық түріне байланысты болады. Жоғарыда атап өткен түрлерінің арасында өкпе формасы ең қауіптісі. Өйткені ол ағзаға түскеннен кейін, тез дамып, өлімге алып келуі мүмкін.

Аурудан сақтану үшін арнайы топ профилактикалық екпе жүргізеді. Мысалы тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар мен ет комбинаттарының қызметкерлеріне, ветеринарларға, зертханада жұмыс жасайтын дәрігерлер мен зертханашыларға сібір жарасына қарсы профилактикалық екпе егіледі. 

Айта кетейік, жабайы сауда орындарынан алынған ет өнімдеріне күмән болса, оны қолданбауға кеңес береміз.

Оқи отырыңыз: Сібір жарасы: Жетіжар ауылында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды